НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. Көкшетауда бір отбасының мүшелері далада түнеп жүр. Паналайтын лашық таппай қалғандардың ең үлкені 85 жастағы кейуана, деп хабарлайды КТК арнасы.
Тыл ардагері 50-дегі қызы мен 29 жастағы жиенін жетектеп бір айдан бері автобус аялдамаларын жағалап жүр. Кейуананы көрген тұрғындар аяушылық білдіргенімен, әзірге қол ұшын берген жан жоқ. Тіпті әкімдік те карантин кезінде кезбелерді жақын жолатуға қорқатын сияқты.
Бейбақтың күйін кешкен үшеуі карантин кезінде қаланы емін-еркін аралап, кез келген жерге түнейді. Қазір де жүгін үйіп тастап орталық көшеде отыр. Бірақ кезбелерге назар аударған жан жоқ. Олардың осылайша тентіреп жүргеніне бір айдан асқан. Үйсіз-күйсіз қалғандар, базар жағалап, асханалардан қалған тамақты жеп күнелтеді.
"Аялдамада жаттық. Тоңатын болдық. Қайда барсақ карантин дейді. Қала әкімдігіне барсаң, милиция шығады, карантин деп кіргізбейді. Шыны керек, өте қиын жағдай. Біздің баратын жеріміз жоқ. 30 жыл бұрын менің әкемнің үйі болған. Оны тумаған ағам бірінші әйелден тартып алды", - дейді Ботакөз Күдеринова.
Қаңғып қалған кезбелер бұған дейін Көкшетауда үш жыл біреудің лашығын жалдап тұрыпты. Сол жыртық үйдің өзін бәз біреулер тонап, есік терезесін талқандап кеткен. Осыдан кейін үй иесі кейуананы баспанасынан қуып шығарған.
Тыл ардагері Мәруә әжейге обал. Қызы Ботакөз буын ауруымен жұмысқа жарамсызбын десе, жиені Құрманғазы психдиспансерде есепте тұр.
Ал қаланың қақ ортасында түнеп жүрген үшеуін әлеуметтік қызметкерлер таба алмадық деп ант су ішіп отыр.
"Орталықтың қызметкерлері жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге шығып, сол жанұяны іздестіріп көмек көрсеткісі келген. Бірақ сол жолы табылмады. Біз осы 3 адам туралы ақпарат жұмысын өткізіп білдік. Оларда зейнетақы төлемдер бәрі алынып жатыр", - дейді "Көкшетау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ басшысы Қали Ахметов.
Әлеуметтік бөлім басшысы олар Зеренді ауылында тұрғылықты есепте тұрғандығын анықтаған. Біз де мекенжай бойынша жергілікті әкімдікке хабарласқанымызда, бұл үйлерде соңғы жылдары мүлдем бөтен адамдардың тұрып жатқанын айтты.
Оқи отырыңыз: "Кіріме дейін жуды": Індетті жеңген 89 жастағы кейуана дәрігерлерге алғыс айтты
Жасы 90-ға аяқ басқанда көше кезіп қалған кейуана, тыл ардагері Мәруә әжей әйтеуір бір қайыры бар жан кездесер деген үмітте.
"Зейнетақы мен ақыл- есі кем жиенім алатын жәрдемақыға да қанағатпыз. Тек басымызға бір баспана бұйырса", - дейді.
Алайда, олар осы уақытқа дейін пәтер кезегіне де тұрып көрмепті. Сол себепті мемлекеттік органдағылар қауқарсызбыз деп отыр.