Қоғам

Смановтың жаназасына жүздеген адам жиналды – бас мүфти пікір білдірді

© Sputnik / Тимур БатыршинЖители села Масанчи на похоронах погибшего в массовых беспорядках
Жители села Масанчи на похоронах погибшего в массовых беспорядках  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы жаназаға қатысты пәтуа шығарылғанын және оны сақтау қажеттігін алға тартты

НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы карантин кезінде Әбдіғаппар Смановтың жаназасына жүздеген адамның жиналуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Әрине, біздің жақсы көретін кісілеріміз болады, жақындарымыз болады. Бірақ пәтуа одан жоғары. Пәтуаға бағыну – шарт. Ал жаназа намазы ол – кифая, яғни, бірнеше адамның орындалуымен қалған халықтың мойнынан түсетін құлшылық. Сіз ауырмасаңыз да, ол жерге ауырған бір адам барып, сізге жұқтырып, оны ары қарай отбасыңызға алып келсеңіз, онда біз үлкен күнә жасап қойған боламыз", - деп атап көрсетті Тағанұлы бүгінгі онлайн брифингте.   

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы жаназаға қатысты пәтуаны сақтау қажеттігін жеткізді. Себебі ондай шешімдер қасиетті Құран мен ата-баба дәстүрі негізінде жасалады.

"Ал енді шыққан пәтуа ханға да, қараға да бірдей. Оны барлығымыз орындауымыз қажет", - деп атап көрсетті Тағанұлы. 

Бас мүфтидің орынбасары Ершат Оңғаровтың сөзіне қарағанда, Әбдіғаппар Сманов қайтыс болған күні Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамберді санитарлық нормаларды сақтауға қатысты бейнеүндеу жасаған болатын. Соған қарамастан, жаназаға Сарығаштың тұрғындары ғана емес, көрші ауылдың адамдары да жиналған. 

Әбдіғаппар Смановтың қазасы

1 шілде күні Сарыағаш медресе колледжінің директоры Әбдіғаппар Сманов қайтыс болғаны белгілі болды.

Ресми мәліметке сәйкес, белгілі ұстаз таңғы сағат 07:45-те көз жұмды. Оған артериялық қысым, гипертониялық дағдарыс, қант диабеті, пневмония диагнозы қойылған.

"Сманов "Салма Караван" шипажайында ем алып жатқан. Лай қойдырып, аяғын күйдіріп алған. Ауруханаға ауыр халде түскен. Рентгенге түсіргенде пневмония анықталған", - дейді мамандар.

Артынан әлеуметтік желілерде марқұмның жаназасына жиналған халықтың видеосы тарап кетті. 

Мүфтият пәтуасы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы карантиннің күшейтілуіне байланысты бұған дейінгі пәтуаны сақтау қажеттігін еске салды. Осыған орай, мүфтият бұрынғы мәлімдемесін қайтадан таратты.

Жаназа намазына қатысты талаптар:

  •  Жаназа намазына бір ғана діни қызметкер қатысуы;
  • Жаназа намазында тек отбасы және жақын тумаларының ғана болуы;
  • Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмауы;
  • Дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспауы;
  • Жаназа намазына келуші адамның санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) міндетті түрде сақтауы;
  • Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмау;
  • Жаназа намазында қол алысып амандаспау;
  • Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтау;
  • Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтару;
  • Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалардың жаназа намаздарына қатыспауы;
  • Қонақ асын өткізбеу;

Құдайы астарға (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты талаптар:

  • Астарды өткізбеу немесе жақын туған-туыспен ғана шектелу керек;
  • Бір ғана діни қызметкердің қатысуы;
  • Санитарлық нормалар (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақталуы тиіс.
Жаңалықтар
0