НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық қорғаныс университетінде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа монумент ашылды, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде Ұлттық қорғаныс университетіндегі Елбасыға арналған монументтің ашылу рәсіміне қатысты. Президент өз сөзінде Назарбаевтың қазіргі Қазақстанның негізін қалағанын, егемен еліміздің стратегиялық даму жолын айқындап, халқымызды ортақ мақсатқа жұмылдырғанын атап өтті.
"Тұрақтылық пен татулық, береке мен бірлік – Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі. Кез келген мемлекеттің тарихында өшпес із қалдырған бірегей тұлғалар бар. Олардың сіңірген еңбегін бағалай білу және жан-жақты дәріптеу – өскелең ұрпақтың парызы", – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, Қазақстанның Қарулы күштері тұңғыш президенттің жарлығымен құрылғандықтан, бұл монументтің Ұлттық қорғаныс университетінде орнатылуының символдық мәні зор.
Ақордадан атап өткендей, Назарбаев Қазақстанның қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше көңіл бөлді. Мемлекет ең қиын кезеңдердің өзінде заманауи қару-жарақ алу, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің қуатын арттыру, әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету, жалақыны уақытылы беру, жоғары зейнетақы төлеу міндеттерін оңтайлы шеше білді.
Тоқаев тәуелсіздік алған сәттен бастап Елбасы әскери әлеуетті қалыптастыру барысында ең күрделі деген мәселелерді шешуге өзі тікелей араласқанын айтты. Оның басшылығымен Қазақстанды ықтимал әскери қақтығыстардан қорғау мақсатында армияның перспективалары мен міндеттері, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басымдықтары мен механизмдері айқындалды.
Тағы оқыңыз: "Бүкіл ауыртпашылығын сезіндім": Нұрсұлтан Назарбаев денсаулығы туралы айтты
"Нұрсұлтан Назарбаев президент болған жылдары әскери құрылымның заңнамалық және құқықтық-нормативтік базасы әзірленді. Сондай-ақ, Қарулы күштердің құрылымы мен құрамы жасақталып, армияның қарулануы кезең-кезеңімен іске асып, заманауи инфрақұрылым қалыптасты", – деді мемлекет басшысы.
Жоғарғы Бас қолбасшы әскеріміздің қанша жерден заманауи техникалармен жабдықталғанымен, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында армияның жеке құрамы негізгі фактор болып қала беретінін айтты. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ең мықты әскери кадрлар сапалы әскери білім беру ісін ұйымдастыруға жұмылдырылды. Бүгінде Қазақстанда орта әскери оқу орындарынан бастап халықаралық деңгейдегі университетке дейінгі аралықта көпсатылы білім жүйесі қалыптасты.
"Халқымызда "Ел ерлерімен еңселі" деген қанатты сөз бар. Шын мәнінде, Қарулы күштері қуатты мемлекеттің бірлігі бекем, абыройы асқақ болады. Сондықтан біз армиямыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қашанда баса мән береміз", - деді президент.
Тоқаев бұл ретте білім мен ғылымның алатын орны ерекше екенін жеткізді. Президент Ұлттық қорғаныс университеті алдағы уақытта да білікті мамандар дайындау ісіне мол үлес қосады деген сенімде.