НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Батыстағы ресми тұлғалар фашизмді жеңуде тек АҚШ пен Британияның үлесін ғана сөз етіп, Нюрнберг трибуналының қорытындысын қайта қарастыруға әрекет жасап жатыр. Бұл жөнінде РИА Новостиге берген сұхбатында РФ тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин мәлімдеді.
"Тарихты мүлде басқаша мәліметтермен сипаттауға тырысып жатқан әрекеттерді байқап отырмыз. Мысалы, Батыс елдерінің ресми тұлғалары Екінші дүниежүзілік соғыс қорытындысында АҚШ пен Ұлыбритания үлесін ғана сөз етуде. Осылайша, олар КСРО-ның фашизмді жеңудегі негізгі рөлін жоққа шығарып, Нюрнберг трибуналының қорытындысын қайта қарауға тырысып жатыр", - деді ол.
Сондай-ақ, Бастрыкин Нюрнберг трибуналы барлық әскери қылмыскерді соттамағанын атап өтті. Оның айтуынша, олардың кейбірі жасырын қалған. Сондықтан, кінәлілердің барлығын анықтау керек.
"Біздің алдымызда бірнеше міндет тұр. Нюрнбергтегі халықаралық әскери трибунал және соғыстан кейінгі басқа да процесс қорытындысы бойынша барлық қылмыскер сотталмаған, өкінішке қарай, жантүршігерлік түрлі қылмысты жасаған көптеген нацист әділ соттан қашып құтылған", - дейді Бастрыкин.
Ол барлық кінәлі адамды анықтауды жалғастыру қажеттігін айтты.
"Тірі-өлі екеніне қарамастан, біз олардың аты-жөндерін атап, қандай қылмыс жасағанын ашық көрсету керекпіз", - дейді ол.
Қолда бар мұрағат мәліметтеріне сәйкес, РКФСР аумағында оккупация жылдарында 2 миллионнан астам бейбіт тұрғын қасақана өлтірілген. Барлық факті тексерілген жоқ, барлық жауапты адам анықталып, сотқа берілген жоқ. Іздеу жасақтарының қазба жұмыстары және мұрағаттық құпия мәліметтерді жария етудің нәтижсінде Новгород облысы, Краснодар өлкесі, Ростов облысындағы бейбіт халықты жаппай қырумен байланысты қайғылы оқиғалардың беті ашылды. Өткен жылы тергеу комитеті 30 мыңнан астам кеңес үкіметі азаматының көзін жоюға қатысты бірқатар қылмыстық іс қозғаған болатын.
Тергеу комитетінің басшысы соғыс жылдарында қылмыс жасағандар қай заң бойынша жауап беруі тиіс екенін айтты.
"Ресейлік тергеу амалдары ұлттық заңнама мен халықаралық құқыққа негізделеді", - деді Бастрыкин.
Ол комитет нацизм қылмыстары фактілерін анықтауды жалғастыра беретінін айтты.
"Тергеу комитеті нәсілдік үстемдік, нацизм идеяларына негізделген қылмыстық әрекеттердің фактілерін анықтауды жалғастыра береді және оларға тиісті құқықтық баға, соның ішінде, РФ ҚК 357-бабы бойынша баға беріледі", - деді ол.