АЛМАТЫ, 30 маусым – Sputnik. Премьер-министрдің баспасөз қызметі 30 маусымнан бастап қатаң карантин енгізу туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды.
"Әлеуметтік желілерде ведомствоаралық комиссия бекіткен қосымша шектеу шараларын енгізу туралы хабарлама тарап жатыр. Ол жалған ақпарат және шындыққа сәйкес келмейді. Ресми дереккөзге ғана сенуді сұраймыз", - деп хабарлады премьер-министр баспасөз қызметінің жетекшісі Зарина Нұрланова.
29 маусымда кешке әлеуметтік желі мен мессенджерлерде "Қазақстанда 2020 жылдың 30 маусымы сағат 00.01-ден бастап белгіленбеген уақытқа дейін шектеу шаралары енгізіледі" деген хабарлама тарады.
Алматы қаласы әкімдігі де тараған ақпараттың жалған екенін хабарлады.
"Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қосымша шектеу шараларын енгізу, оның ішінде ірі сауда нысандарының және жаяу жүргіншілер аймақтарының, саябақтардың, қалаға кіріп-шығатын жолдардың жабылатыны туралы ақпараттың тарады. Алматы әкімдігі жанынан құрылған коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі комиссия ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейді, - делінген әкімдік таратқан ресми ақпаратта.
Сонымен қатар әкімдік тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды және жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
Қала тұрғындарына әлеуметтік арақашықтықты сақтап, бетперде тағып, адамдар көп жиналатын орындардан аулақ жүруге кеңес берілді. Жасы 65-тен асқан тұрғындарға үйден шықпау ұсынылды.
Айта кетейік, 29 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл шаралары бойынша жиын өткізді. Мемлекет басшысы үкіметке екі күнде Қазақстанда қатаң карантин бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
30 маусымда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың өршуін жеңу үшін Қазақстанда төрт апта карантин енгізу қажет екенін мәлімдеді.