НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Шымкент қаласы әкімнің төрт бірдей орынбасары ауырып қалған, екеуі пневмониямен ауруханада жатыр. Бұл ақпаратты әкімдіктің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Иә, денсаулық саласының жұмысын үйлестіретін бірінші орынбасары Ербол Садыр және идеология жөніндегі орынбасары Алмасбек Мамытбеков ауруханада пневмониядан ем алып жатыр. Қалған екеуі – Мақсат Исахов пен Нұрсадық Ергешбек те ем-дом алуда. Оларға салқын тиген болуы керек. Еңбекке жарамсыздық парағын алды", - дейді мамандар.
Қазіргі кезде әкімнің құрылыс, жер қатынастары мен сәулет жөніндегі бір орынбасары ғана жұмыста жүр. Ол – Бауыржан Мамыталиев.
Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтың өзі бұған дейін оқшауланған болатын. Себебі экс-министр Елжан Біртановпен бірге инфекциялық госпитальдың ашылуына барған. Одан коронавирус анықталғаннан кейін әкім оқшауланып, қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Соңғы тест теріс нәтиже көрсетті.
"Әкім дәрі-дәрмек бойынша бірнеше жиын өткізді. Қазір қоймаларды аралап, дәрі өндіретін компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Аурухана орындарының мәселесі де болған. Қазір қосымша провизорлық орындар ашылды. Осындай қысылтаяң кезеңде орынбасарлардың ауырып қалғаны да сәл қолбайлау болып отыр. Дегенмен, әкімнің өзі жағдайдың бәрін қолға алды. Қазір тікелей басқарма басшыларымен жұмыс істеп жатыр", - деп атап көрсетті баспасөз қызметінің мамандары.
Ресми мәліметке сәйкес, маусым айында Шымкент қаласында пневмониямен ауруханаға түскендердің саны 1 000 адамдан асты. Жыл басынан бері пневмониядан 41 адам қайтыс болды.
Қазіргі кезде Шымкент қаласында жаңадан салынған бір мектепте қосымша провизорлық орындар жасақталды. Бұдан бөлек, жеңіл атлетика манежінде қосымша 450 орындық күндізгі стационар болады. Ауруханаға сыймаған науқастар сол жерде тегін емделеді.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің соңғы отырысында премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен үш әкімге сөгіс жариялаған болатын. Олардың ішінде Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов те бар.