Қоғам

Қазір той тойлап жүретін уақыт емес – президент

© Photo : Pixabay / Anastasia ZheninaДастархан
Дастархан - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Пандемия кезінде кейбір азаматтар мемлекет басшысына хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беруді сұраған

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргідей технология заманында той тойлауды доғару қажет деп санайды. Бұл туралы мемлекет басшысы "Ана тілі" газетіне берген сұқбатында айтты.

"Қазір "Тойың тойға ұлассын" деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек", - деді президент.

Айтуынша, қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтар оған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беруді сұраған.

"Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!", - деп қадап айтты Тоқаев.

"Еңбеккерлерге деген көзқарасты өзгерту керек"

Қазақстан президенті қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгерту қажет деп санайды.

"Өкінішке қарай, кейбір жағдайда біздің еңбекке байланысты қарым-қатынасымызға сыни көзқараспен қарайтындар аз емес. Бұл жағдай менің көңіліме қаяу салады. Біз қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгертуіміз керек. Әрбір еңбек құрметке лайық болуы қажет", - деді ол.

Сол себепті Тоқаев "Халық алғысы" мемлекеттік наградасын бекітіп, еңбектегі табысы үшін берілетін "Еңбек Даңқы" орденінің мәртебесін көтеру жөнінде шешім қабылдаған.

Тағы оқыңыз: Тойға келген қонақтар мен қалыңдық коронавирус жұқтырып алды

"Былтыр Ақордаға мекемелер мен ауылдардағы қарапайым жұмысшыларды арнайы шақырып, марапаттадық. Біз осындай еңбек адамдарына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасауымыз қажет. Сол арқылы өскелең ұрпақ қоғамның құрметіне бөлену үшін жоғары мемлекеттік лауазымдарды иеленбей-ақ, өз ісін тыңғылықты, мұқият атқарса жеткілікті екенін түсінуге тиіс", - деді мемлекет басшысы.

Тоқаевтың тапсырмасымен үкімет Жұмыспен қамтудың жол картасын әзірледі. Оны іске асыру үшін шамамен 1 триллион теңге ақша жұмсалады.

"Жақында мен үкіметтің уақытша жұмыс орындарын ашуға ғана әуес болып, тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашуды назардан шығарып алғанын сынға алдым. Бүгінде біздің елде 2 миллионға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Жұмыссыздар саны да көп", - деді президент.

Бұған дейін мемлекет басшысы қазақ тілінің мәселесіне де тоқталған болатын.

Жаңалықтар
0