НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов көпбалалы отбасыларға табысына қарамай төленетін жәрдемақы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Былтыр атаулы әлеуметтік көмек мәселесі өте маңызды болды. Халық табысты есептемесе болар еді, алты айдың жәрдемақысын төлеп алып, есебін сұрамаса екен деді. Біз өз тарапымыздан еңбекке жарамды азаматтар жұмыс істеген абзал дедік. Осының бәрін ескеріп, былтыр өзгерістер енгіздік", - деді Нұрымбетов бүгін онлайн форматта өткен халық алдындағы есеп беру кездесуінде.
Осы орайда министр төрт және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға табысына қарамастан, арнайы жәрдемақы енгізілгенін еске салды.
"Бұндай жәрдемақы 2018 жылға дейін болған еді. Бірақ ол жерде төрт бала бола ма, он бала бола ма, барлығына бірдей 10,5 мың теңге төленетін. Қазір әр балаға 11 мың теңгеден астам шығып отыр", - деп атап көрсетті Нұрымбетов.
Ресми мәліметке сәйкес, республика бойынша 396 мың көпбалалы отбасылар жаңа жәрдемақы алып отыр. Төлем 1 миллион 600 мың балаға тағайындалды.
"Мысалы, төрт бала болса, 44 500 теңге, бес балаға - 56 000 теңгедей, он бала болса, 111 000 теңге шығады. Солтүстік Қазақстанда он бес бүлдіршінді тәрбиелеп отырған жанұямыз бар. Олар ай сайын 167 000 теңге алып тұрады", - дейді Нұрымбетов.
Оқи отырыңыз: Сегіз және одан көп баласы бар аналарға төленетін жәрдемақы бекітілді