Қоғам

Министр халықтың табысы төмен екенін ашық айтты

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги, монеты в ладонях
Деньги, монеты в ладонях - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Былтыр бюджеттік сала қызметкерлеріне жалақы орта есеппен 30 процентке көтерілді. Ал жыл басында дәрігерлер мен мұғалімдердің, әлеуметтік қызметкерлердің және мәдениет саласы мамандарының еңбекақысы көбейді

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әлеуметтік төлемдердің көлемі не себепті төмен екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мемлекет әлеуметтік көмек көрсету қажеттігін атап өткен министр оның себебі неден туындайтынын да түсіндіріп өтті.

"Жалпы халықтың табысы көп емес, төмен. Мысалы, біз өзіміз сараптама жасадық. Бір адамға шаққанда халықтың табысы 59 мың теңгеден аспай отыр", - деді Нұрымбетов бүгін онлайн форматта өткен халыққа есеп беру кездесуінде.

Оның айтуынша, халықтың жалақысы төмен болғасын салық аз түседі. Ал әлеуметтік төлемдер салықтың есебінен төленеді.

"Бәрімізді қамсыздандырып отырған сол – жұмыс істейтін кісілер. Кезінде Маргарет Тэтчер айтқандай, "мемлекеттік бюджет" деген түсінік жоқ, ол – салық төлеушілердің ақшасы" деген. Сондықтан мынау жұмыс істеп жүрген азаматтарды біз қолдауымыз қажет. Өкінішке қарай, бізде ресми статистика бойынша елімізде орта жалақының көлемі 200 мың теңгеден аспай тұр. Оның ішінде 77 проценті 200 мың теңгеден де төмен алады", - деп атап көрсетті Нұрымбетов.

Министрдің сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы саласында жалақы 105 мың теңгеден аспайды. Әр облыста әрқалай. Мысалы, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл мен Түркістан облысында орташа жалақы 140-145 мың теңгеден артық емес.

"Енді, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы үкіметтің құзырында. Елімізде 1 миллион 300 мыңдай мемлекеттік қызметкер бар. Мысалы, былтыр маусым айында барлық бюджеттік қызметкерге жалақы орта есеппен 30 процентке көтерілді. Осы жылдың басында дәрігерлерге, мұғалімдерге, әлеуметтік қызметкерлерге, мәдениет саласының мамандарына еңбекақыны көбейді. Ал жеке секторда 5,5 миллион адам жұмыс істейді. Әрине, ол жерде жалақының мөлшерін жұмыс беруші белгілейді", - дейді Нұрымбетов.

Оқи отырыңыз: "Халық табысының тең жартысын тамаққа жұмсайды": депутат жалақы аз деп ашынды

Айта кетейік, алдағы уақытта үкімет ең төменгі жалақыны көтеруді жоспарлап отыр.

Жаңалықтар
0