Қоғам

Арыстағы жарылысқа – бір жыл: саперлер 4,5 мыңнан аса оқ-дәріні залалсыздандырды

© Photo : Департамент полиции Северо-Казахстанской областиНайденный среди металлолома снаряд
Найденный среди металлолома  снаряд - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мамандардың айтуынша, жақын жердегі қоймаларды әуеден барлау үшін пилотсыз ұшу аппараттары мен квадрокоптерлер пайдаланылды

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Арыс қаласындағы жойқын жарылыстан кейін саперлік топ 4,5 мыңнан астам оқ-дәріні залалсыздандырды. Бұл туралы Қарулы күштер оқ-дәрілер бас басқармасы оқ-дәрілерді есепке алу және қамтамасыз ету басқармасының бастығы Нұралихан Асанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ол Арыс қаласында жарылыс салдарын жою жөнінде құрама отряд бір жыл бойы жұмыс істегенін атап өтті. Ай сайын саперлер мен басқа да әскери мамандар ротацияға сәйкес өзгеріп отырады.

Іздестіру топтары мен инженерлік барлау, минасыздандыру топтары жақын маңдағы ауылдық округтердің 300 шаршы шақырымнан астам егістік алқабын қарады. Мобильді іздестіру саперлік тобы жергілікті тұрғындардың 740-тан астам өтінішін пысықтады.

"Осындай шаралардың арқасында 4,5 мыңнан астам оқ-дәрі залалсыздандырылды. Сүңгуірлер Арыс өзенінің отыз шақырымнан астам арнасын тазалады", - деді Асанов онлайн брифингте.

Айтуынша, жарылыс болған аумақтың ауданы 500 гектардан асады. Жергілікті учаскеде жер бетіндегі 130 гектардан астам жерде тазарту жұмысы жүргізілді.

Жақын жердегі қоймаларды әуеден барлау үшін пилотсыз ұшу аппараттары мен квадрокоптерлер пайдаланылды.

"Саперлер 2 мың тоннадан астам оқ-дәрі фрагментін жинады. Жарылысқа қауіпті емес фрагменттерді ашық алаңда сұрыптайды. Бір жыл бойы Арыс қаласынан 380 мыңға жуық оқ-дәрі фрагменттері шығарылды, оның ішінде 300 мыңға жуығының жарылыс қаупі бар", - деді ол.

Оқ-дәрі фрагменттерін тасымалдау үшін әскери қарауылдармен бірге 5 мыңнан астам автокөлік рейсі орындалған.

Жарылыс қаупі бар фрагменттерді жою бойынша негізгі жұмыстар Арыс қаласынан 50 шақырым жердегі полигонда жүргізілді.

"Жарылғыш заттарды ұрлау және азаматтық ортаға ену факторын болдырмау үшін, сондай-ақ сынықтарды заңсыз сатуға жол бермеу мақсатында алдын алу рейдтері жүйелі түрде жүргізілді", - деп атап өтті Асанов.

Бұдан бөлек, айтуынша, әскери қызметшілер құрылысты қалпына келтіру жұмыстарына белсенді қатысып, коронавирусқа қарсы ауқымды дезинфекция жүргізген.

Күн сайын 1,5 мыңнан астам әскери қызметші жарылу қаупі бар оқ-дәрі фрагменттерін іздеу, залалсыздандыру, тасымалдау және жою жұмыстарын жүргізеді.

Арыстағы жарылыс

2019 жылдың 24 маусымында таңғы сағат 10 шамасында Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.

Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапты: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Жарылыстан зардап шеккен бала санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.

Ал 11 қазанда Арыс маңындағы полигонда оқ-дәрілердің жиналған бөлшектерін жою жұмыстары кезінде әскери бөлім инженерлік қызметінің басшысы көз жұмды.

Оқи отырыңыз: Қорғаныс министрлігі Арыс тұрғындарынан қандай шағым түсіп жатқанын айтты

Арыс Шымкенттен 85 шақырым және Түркістаннан 168 шақырым жерде орналасқан, халық саны – 45 мың адам.

Жаңалықтар
0