НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазақстанның полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Батылдық, адалдық, принципшілдік сияқты қасиеттер – қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі", - деп жазды президент Твиттер парақшасында.
Сонымен қатар, президент құқық қорғаушылар коронавируспен күресте де ерен еңбек атқарып келе жатқанын атап өтті.
"Сіздер пандемияға қарсы күрес секілді қиын-қыстау кезеңде де өздеріңізге жүктелген күрделі міндеттерді адал атқарып келесіздер. Барша полиция қызметкерлеріне зор денсаулық, бақ-береке, табыс тілеймін!", - деді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Полицейлер аулада ардагерлерге концерт ұйымдастырды - видео
Айта кетейік, 2007 жылдың 5 маусымында Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен 23 маусымды – Полиция күні деп бекітті.