НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалауын жарықсыз қалдырған апаттың салдарын жою мәселесі энергетика министрлігінің үнемі бақылауында. Бұл туралы ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Былтыр 10 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында "Астана-РЭК" электр желілерінде кабель арнасынан өрт шыққан болатын. Соның салдарынан қаланың сол жағалауы жарықсыз қалды.
Энергетика министрі технологиялық олқылық 11 көпқабатты тұрғын үй мен сол жағалаудағы 25 әкімшілік ғимараттың тоқтан ажыратылуына әкеп соққанын айтты.
"Нұр-Сұлтан әкімдігінің назарын сол жағалаудағы технологиялық бұзушылықтың салдарын жою бойынша ұйымдастырушылық және техникалық іс-шараларды уақытылы қабылдау қажеттігіне аударамын. Бқл мәселе министрліктің үнемі бақылауында", - деді Ноғаев үкімет отырысында.
Айтуынша, 5 маусымда министрлік барлық тарап өкілдерімен кезекті кеңес өткізіп, нақты ұсыныстар берген.
Нұр-Сұлтан қалай жарықсыз қалды?
Өткен жылы елорданың сол жағалауы түнгі сағат екіден бастап жарықсыз қалған болатын. Оған "Левобережная" қосалқы станциясындағы авария себеп болған. Белгілі болғандай, станцияның қосалқы желісінен өрт шыққан. Өрт сөндіру бригадаларын тоқ соқпауы үшін кабель желісіне қосылған тұтынушылар тоқтан ажыратылды.
Сол жағалаудағы тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар, соның ішінде Ақорда, Nur Otan, үкімет, сенат пен мәжіліс, министрліктер үйі, Жоғарғы сот бір тәуліктен аса уақыт жарықсыз қалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке арнайы комиссия құрып, кінәлілерді анықтауды тапсырды.
Осы жылдың басында станциядағы апатқа қатысты істі тергеу аяқталғаны белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан орталығы апат салдарынан жарықсыз қалды – видео
Мердігерлік ұйымдардың өкілдеріне, сондай-ақ қадағалауға жауапты ұйымдардың қызметкерлеріне айып тағылды.