НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Елорданың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирус инфекциясы бойынша қазіргі жағдай туралы айтып берді , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінде Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясымен 3 348 адам тіркелді. Соның ішінде өткен аптада 587 жағдай анықталды. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 21 процентке артық болып тұр", - деді Қисықова бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, науқастардың күнделікті өсімі 3 процентті құрап отыр. Қазіргі кезде ауруханаларда 2 610 науқас жатыр.
"Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда үш есеге көп. Науқастардың 92 проценті пневмониямен жатыр. Бүгінде 126 пациенттің жағдайы тұрақты. 50 науқас немесе 40 проценті жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған", - деп атап көрсетті Қисықова.
12 маусымнан бастап елорданың медициналық ұйымдарында қосымша кереуіттер қайта жасақталды. Соның арқасында төсек-орынның саны 53 проценттке артты.