НҰР-СҰЛТАН, 20 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 көпсалалы ауруханада науқастардың дәлізде жатқаны түсірілген видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Осыған орай қалалық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді.
Денсаулық сақтау саласының өкілдері аурухана лық толып, пациенттер дәлізде жатқандығын жоққа шығармады.
"№1 көпсалалы қалалық ауруханада эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты ауруханаға жатқызуды қажет ететіндердің саны күрт өсті. Апта басында осы аурухананың жұмыс жүктемесі артты. Сондықтан да палаталар босағанға дейін науқастарды дәлізге уақытша орналастырған жағдайлар болды", – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі бүгінде 200-ден астам адам қабылданып, палаталарға жатқызылғанын атап өтті.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасы астаналықтардан қаладағы эпидемиологиялық жағдайға түсіністікпен қарауға шақырады. Дәрігерлер барлық қажетті медициналық көмек көрсетуді жалғастыруда.
Айта кетейік, бұған дейін қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Сәуле Қисықова елордадағы медициналық мекемелерге күн сайын орта есеппен 500 адам жататынын мәлімдеген. Әрбір екінші науқас вирустық пневмония диагнозымен түседі.
Оқи отырыңыз: Қандай жағдайда тест теріс нәтиже көрсетсе де, коронавирус диагнозы қойылады?
Соңғы мәліметтер бойынша, елордада 3 192 коронавирус ауруы расталды, 2 176 науқас жазылып шығып, 29 адам қайтыс болды.