Қоғам

"Өкінішпен естідім": Түркия президенті Назарбаевқа жеделхат жолдады

© Photo : Официальный сайт президента РКНурсултан Назарбаев и Реджеп Эрдоган
Нурсултан Назарбаев и Реджеп Эрдоган - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Түркия президенті қажеттілік туындаған жағдайда қолындағы барлық мүмкіндігімен Назарбаевтың жанынан табылатынын жеткізген

НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Түркия республикасының президенті Режеп Тайип Ердоғаннан жеделхат келіп түсті. Ол Қазақстанның тұңғыш президентіне тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді, деп хабарлайды elbasy.kz сайты.

"Сырқаттанып қалғаныңызды өкінішпен естідім. Алладан шипа беруін тілеймін. Үнемі жеңіспен еңсерген күрестердегі сынды бұл сынақты да жігеріңізбен артқа тастайтыныңызға кәміл сенемін", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Түркия президенті жеделхатта қажеттілік туындаған жағдайда қолындағы барлық мүмкіндігімен Нұрсұлтан Назарбаевтың жанынан табылатынын жеткізген.

"Қандай да бір қажеттілік туындаған жағдайда қолымыздағы барлық мүмкіндігімізбен жаныңызда екенімізді жеткізгім келеді. Сізге деген терең құрмет пен сүйіспеншілік сезімімен жеке өзім және барша түрік халқы атынан тезірек сауығып кетуіңізді шын жүректен тілеймін", - дейді Ердоған.

Назарбаев коронавирус жұқтырды

18 маусымда Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус инфекциясына тапсырған анализі оң нәтиже көрсеткенін хабарлады.  

Ол Назарбаевтың өзін оқшаулағанын және қашықтан жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевқа коронавирустан тезірек сауығып кетуді тілеп, Twitter-де арнайы жазба жариялады.

Сонымен қатар, Ресей президенті Владимир Путин жеделхат жолдап, Ресей үкіметінің басшысы да Қазақстанның тұңғыш президентіне жылы лебізін білдірді.

Айта кетейік, осы кезге дейін Қазақстанда бірнеше депутат пен шенеуніктен коронавирус табылды. Індетке шалдыққандар арасында мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, депутат Бекболат Тілеухан, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Теміртау әкімі Ғалым Әшімов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов және Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров бар.

Оқи отырыңыз: "Халық мүлдем басқаша өмір сүретін болады": Назарбаев маңызды жоба туралы айтты

Үкімет мүшесінен вирус табылғаннан кейін премьер-министр Асқар Маминнен бастап, барлық дерлік министр өзін оқшаулады.

Жаңалықтар
0