НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Көрші елдердің журналистеріне арналған SputnikPro вебинарында "Россия сегодня" ХАА РИА Рейтинг агенттігінің қаржы институттарын талдау басқармасының бастығы Андрей Манько басқа БАҚ назар аударатын зерттеу негізіндегі жаңалықты қалай жазуға болатынын айтты.
"Зерттеудің екі түрі болады: кабинеттегі – компьютерде отырып, бір жерден мәлімет аласыз және сауалнама – адамдардан жауап аласыз. Сауалнамамен жұмыс істеу едәуір қиын. Әр анкета 10-30 сағатта жиналады. Бір нәрсені жіберсе, бір нәрсені жібермейді. Егер адам-сағатыңыз көп болса, анкета жүргізуге кеңес беремін. Статистикаға қатысты айтсақ, оны үнемі қадағалап отырамыз", - деп атап өтті ол.
Оның пікірінше, зерттеу ақпараттық анықтамалыққа айналуы үшін белгілі бір өлшемдерге сәйкес келуі тиіс.
"Оның сапасы жоғары болуы тиіс. Сапалы зерттеулер де, жай ғана танымал зерттеулер де болады. Онда жаңалық болуы керек: кейде ақпарат сізге мезі болғандай көрінуі мүмкін, бірақ ол шын мәнінде олай бола бермейді, мүмкін сіздің көзіңіз бұлдыраған шығар", - деп түсіндірді сарапшы.
Әдістеме және деректерді жинау сапасы да сақталуы тиіс. Әрине, тақырыптың өзектілігі маңызды.
Андрей Манько ақпарат сандар мен есеп деректеріне толы болған кезде жаңалық дайындауда не нәрсеге назар аудару керектігін түсіндірді.
"Егер ол рейтинг, құрылымдалған мәліметтерден тұрса, бәсекелес элементтер қызықты болады. Мысалы, бәсекелес елдер бар, оларды салыстыра аласыз. Егер есеп болса, онда өзіңді қызықтыратын нәрсе туралы жазу керек", - деп есептейді ол.
Оның айтуынша, адамдарға абсолютті сан қызық емес, олар динамикаға қызығушылық танытады.
"Динамика алуан түрлі және көп. Адамдар ауқымды түсінбейді, оларға адами құндылықтар берілуі керек" - деді Андрей Манько.
Оқырмандарды мына тақырыптар қызықтырады:
- ақша - депозит, кредит, зейнетақы;
- денсаулық - жақсы немесе нашар медициналық қызмет, өмір сапасы;
- балалар, соның ішінде олардың білімі;
- демалыс – нені және қалай қарау керек.
"Барлығын салыстыру тақырыбы да қызықты. Ақпаратты беру формасы: кесте, графикалар, инфографика, видео. Міндетті түрде жақсы мәтін болуы тиіс, оны дайындау керек, ал журналистер бір жерден көшіріп алады. Атауы: тақырып қызықты және тартымды, бірақ дәл болғаны дұрыс. Тепе-теңдікті сезіну керек", - деді ол.
Автор ақпаратты іздей білуі тиіс.
"Мысалы, іздеу жүйесінде ақпаратты арнайы кодтық сөйлемдер мен таңбаларды қолдана отырып іздеуге болады, оны жасай білу керек. Машина өңдеген мәтіннің арқасында жұмыс жеңілдейді. Сіз не істеп және не үшін істеп жатқаныңызды түсінуіңіз керек. Бір жағынан, жұмыс азаяды, ал екінші жағынан, ол өзгеріске ұшырайды, соған икемделу керек", - деп атап өтті Андрей Манько.
SputnikPro білім беру жобасының оныншы онлайн-сессиясына Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Абхазия және Осетия БАҚ өкілдері қатысты.
SputnikPro – халықаралық Sputnik ақпарат агенттігі мен радиосының журналист, студент, баспасөз қызметі мен медиа саласында жұмыс істеп жүрген маман иелеріне арналған жоба. Оның мақсаты – тәжірибе алмасу әрі медиа саласында кәсіби байланысты нығайту.