НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. АҚШ-тың мұнай өндіру саласы рекордтық құлдыраудың алдында тұр. Газ және мұнай бұрғылау қондырғыларының саны айтарлықтай төмендеді, өндіріс үздіксіз қысқарып жатыр. Компаниялар жаппай банкротқа ұшырап, жұмысты тоқтатуға мәжбүр. Маусымда Extraction Oil & Gas ірі тақтатас өндірушісі мұнай баға белгіленімінің құлдырауынан зардап шекті. Болжам бойынша, биылдың өзінде жүздеген фирма банкротқа ұшырайды. Егер мұнай бағасы дағдарысқа дейінгі кезеңге қайта оралмаса, тақтатас саласы күйрейді, деп жазды РИА Новости.
Өндірістің құлдырауы
2019 жылы америкалықтар Ресей мен Сауд Арабиясын басып озды, оған тақтатас мұнайы көмектесті, 70 жыл ішінде алғаш рет АҚШ қара алтын нетто-экспорттаушысы болды.
"Мұнай өндірісі тосын сыйға толы – тақтатас революциясы мұнай бағасын, өндіріс пен сауда нарығын төңкеріп жіберді", - деді бұрынғы президент кіші Джордж Буштың кеңесшісі әрі Rapidan Energy консалтинг компаниясының басшысы Боб Макнелли.
АҚШ-та өндіріс бірнеше ай бойы қысқарып, күн сайынғы өндіріс 13,1-ден 11,1 миллион баррельге дейін төмендеді. АҚШ энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) маусымдағы есебі бойынша бұл көрсеткіш тағы да төмендеуі мүмкін. EIA болжамы бойынша, мамырда АҚШ-тың Пермь, Игл-Форд, Баккен, Ниобром, Анадарк, Аппалачин және Хейнсвилль секілді ең өнімді жеті тақтатас бассейнінде мұнай өндіру тәулігіне 7,632 миллион баррельге дейін құлдырайды. Атап айтқанда, барлық тақтатас өндірісінің жартысынан астамы бар Пермь бассейнінде - 4,5 миллионға, Игл-Фордта 1,3 миллионға дейін төмендейді.
EIA есебінде жыл соңына қарай АҚШ-тың әлемдік мұнай жеткізілімдерінің қысқаруына үлкен үлес қосатыны айтылды.
Банкроттар толқыны
Haynes&Boone мәліметі бойынша, қаңтар айынан бастап банкроттық процедурасын 25,2 миллиард доллар жиынтық қарызы бар 36 мұнай-газ компаниясы іске қосты. Олардың қатарында Whiting Petroleum, сондай-ақ California Resources және тақтатас саласының пионері – Chesapeake Energy бар.
"Chesapeake Exxon-нан басқаларға қарағанда америкалық газды көп өндіріп алды, ал оның нарықтағы құны 38 миллиард долларға жетті. Сһеѕараке тақтатас өндірудің үлгісін жасады, алайда ол қазір құлдырап жатыр", — деп атап өтті Bloomberg.
Маусым айында тағы бір ірі тақтатас өндірушісі Extraction Oil&Gas қарыз бойынша пайыздарды мерзімінде төлей алмай, банкрот рәсімін бастау үшін сотқа жүгінді.
"Барлық ықтимал нұсқаны талдай отырып, біз 11-бапқа сәйкес негізгі кредит берушілердің қолдауымен ерікті банкрот – жағдайдан шығудың ең жақсы жолы деген қорытындыға келдік", - деп мәлімдеді компания басшысы Мэтт Оуэнс.
Financial Times атап өткендей, ақша ағыны түсіп, банктер кредит желілерін қысқартқан кезде Extraction компаниясының жағдайы айтарлықтай нашарлады. Мамыр айында инвесторларға қызметін тоқтату мүмкін екенін айтты.
Пандемиядан туындаған сұраныстың төмендеуі кезінде өндірістің бұрынғы көлеміне оралу мүмкін емес. "Тақтатас өндірушілері тағы да сол деңгейге жетуі үшін біраз жыл керек", - дейді The Wall Street Journal.
Далластың федералды резервтік банк (ФРБ) зерттеуіне сәйкес, тіпті Батыс Техастағы Permian "арзан" тақтатас бассейнінде де рентабельділік үшін мұнайдың орташа бағасы барреліне 49 доллар болуы қажет. ФРБ атап өткендей, жыл ішінде 40 доллармен өндірушілердің тек 15%-і ғана аман қалады.
Бірақ тақтатас өндірушілерін құтқара алатындай деңгейде баға қымбаттамауы мүмкін. EIA болжамы бойынша, 2020 жылы Brent мұнайының орташа бағасы 34,13 доллар және 2021 жылы 45,62, ал Батыс Техастың WTI мұнайы – 30,10 және келесі жылы 43,31 долларды құрайды.
Егер мұнай бағасы COVID-19 пандемиясына дейінгі деңгейге көтерілмейтін болса, Австралияның "Экономика және әлем институты" талдау орталығы АҚШ-тағы тақтатас индустриясы құлдырауы мүмкін екенін айтты.