НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус жұқтырған жоқ. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.
Ол соңғы күндері еліміздің көптеген азаматы мемлекет басшысының денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, сауал жолдап жатқанын атап өтті.
"Қасым-Жомарт Кемелұлының денсаулығы жақсы екенін хабарлаймын. Соңғы кездердегі эпидемиологиялық жағдайдың өрши түсуіне байланысты, ол күнделікті коронавирусқа тест тапсырып жатыр. Тапсырылған барлық тест сынамасы теріс нәтиже көрсетті", - деді Берік Уәли.
Оның айтуынша, президент өзінің қызмет орнында белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес, мемлекеттік органдар мен ведомстволардың басшыларымен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен онлайн-кездесулер өткізіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус жұқтырды
"Қазақстан президенті твит арқылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тезірек сауығып кетуін тілеп, Тұңғыш президенттің өзіне тән мықты рухының арқасында бұл сынақты да жеңіл еңсеретініне сенім білдірді", - деп түйіндеді баспасөз хатшысы.