Қоғам

Bek Air жолаушыларға билет ақшасын қайтаратын болды

© Sputnik / Тимур БатыршинСамолеты компании Bek Air в аэропорту Алматы
Самолеты компании Bek Air в аэропорту Алматы  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Төрт айға созылған дауда комитет шағымы қанағаттандырылып, Bek Air зардап шеккен жолаушыларға 54 миллион теңге төлеуге міндетелді

НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Bek Air жолынан қалдырған жолаушыларға 54 миллион теңгеден астам билет құнын төлеп беретін болды, деп хабарлайды КТК арнасы.

Алматы соты осындай шешім шығарды. Одан бөлек, қосымша шығындар үшін деп тағы 16 миллион теңгеден астам қаражат төлеуі керек.
Былтыр желтоқсанда болған ұшақ апатынан кейін әуе компаниясының қызметі тоқтатылған еді. Ал билет алып қойған жолаушылар жолынан қалып, оның үстіне, билет құнын да қайтара алмай қалған. Бірақ Bek Air-дің әлі де басынан дау арылмайтын сияқты. Себебі, сотқа шағым түсіріп үлгермеген жолаушылар да бар.

Bek Air-ден ақшасын қайтара алмай сенделгендердің бір тобы құжатын құшақтап астанада да жүр. Жыл басында сатып алған билеттерінің түбіртегі әлі қолдарында. Ал бүкіл ел көлеміндегі жолынан қалған жолаушылар әр қалада әлеуметтік желілерден чат ашып тастаған. Әрқайсысының ішінде отырғандар жүздеп саналады. Былтыр желтоқсандағы ұшақ апатынан кейін барлығы да ұша алмай, содан бері билет құнын қайтара алмай жүргендер.

"13 қаңтар күні маған хабарлама келді, рейс ұшпайды, ұша алмайсыз деп. Содан кейін "Авиатаға" телефон соқтым. Олар "жақсы, билет қайтарылады, 3 күннен 1 айға дейін күтіңіз" деді. Мен күттім. Бір айдан кейін звондағанда Bek Air билет ақшасын қайтармағандықтан, бұл іске "Авиата" жауап бермейтінін айтты", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Еркегүл Амангелді.

Ақшасын қайтара алмағандардың орынды сұрағы бар. Олардың айтуынша, заң бойынша мұндай компаниялар өз қызметтерін сақтандырып отыруы керек. Неге солар арқылы сан соғып қалған жолаушылардың шығынын төлеп бермейді деп күйінеді Нұр-Сұлтан қаласының тағы бір тұрғыны.

"Әуе тасымалдаушылары өз қызметін сақтандырып отыруға міндетті. Bek Air да сақтандырылған болуы керек. Енді неге сол сақтандыру компаниясының ақшасымен біздің мәселемізді шешіп тастамайды. Ары қарай кім кінәлі екенін өздері асықпай қарай берсін", - дейді Нұрқанат Абатов.

Бұл сұрақ та жабулы қазан күйінде қалып тұр. Бұлар билет құнын даулап жүргенде, сол апатқа ұшыраған ұшақтың ішінен аман қалған жолаушылардың өзіне әлі күнге билет құны төленбеген. Көрер жарығы таусылмаған Надежда Карнаеваның бүгінде денсаулығы нашар.

"Соққыдан жарақат алдым. Сөйтсем, омыртқам орнынан жылжып кетіпті. Оны УЗИ жасатып білдік. Әйтеуір ажырап кетпеген, тек едәуір жарақат екен. Содан кейін кекештеніп қалдым. Тіпті екі апта бойы жарытып сөйлей алмай жүргенім бар", - дейді ол.

Осы апаттан кейін тұтынушылар құқығын қорғау комитеті әуе компаниясын сотқа берген еді. Төрт айға созылған дауда комитеттің шағымы қанағаттандырылып, Bek Air зардап шеккен жолаушыларына 54 миллион теңге төлеуге міндетелді.

Оқи отырыңыз: Bek Air әуе компаниясы рейстерді қай уақытқа дейін тоқтатқаны белгілі болды

Айта кетейік, Bek Air әуе компаниясына тиесілі "Фоккер-100" ұшағы 27-желтоқсанда Алматы іргесінде таңғы сағат 7-ден 21 минут өткенде апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 98 адам болған, оның 9-ы кішкентай бала. Апаттан 12 адам қаза тапты.

Іс соңына жетіп, ақшасы қайтарылатын 900-ден астам жолаушының бүгінде көңілі тоқ. Дегенмен жолы болмаған жолаушылардың арасындаәлі де тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне өтініш беріп үлгермегендер бар. Сондықтан әуе компаниясына қатысты сот ісінің бұл соңы емес сияқты. Олар енді тиісті қаражатын компаниядан азаматтық іс арқылы өз бетінше өндіріп алуы керек.

Жаңалықтар
0