АЛМАТЫ, 17 мамыр – Sputnik. Мәскеуде қаржы пирамидасына қатысы бар күдікпен 29 жастағы қазақстандық ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz порталы.
"16 маусымда Қазақстан полициясының сұратуымен Мәскеуде 29 жастағы С.Фролов ұсталды. Ол тергеу абақтысына қамалды", - делінген ақпаратта.
Күдікті Фролов "Гарант-24", "Выгодный займ" және "Estate Lombard" қаржы пирамидасы арқылы салымшылардың ақшасын жымқырғаны үшін халықаралық іздеуде болды.
"Бұған дейін Нұр-Сұлтан қалалық сотының шешімімен оған сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Қазақстан мен Ресей полициясының өзара іс-қимылының арқасында С. Фролов елімізге экстрадицияланып, сот алдында жауап береді", - деді ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Қылмыстық істі Ақтөбе қаласы ішкі істер министрлігінің арнайы жедел-тергеу тобы жүргізіп жатыр.
Қазір іс бойынша 15 мыңнан астам жәбірленуші анықталды, шығын көлемі 20 миллиард теңгеден асты.
Айта кетейік, бұған дейін "Гарант 24 Ломбард" құрылтайшысы, қаржы пирамидасына қатысты істе басты күдікті А.П.Мырзабеков Молдовадан Қазақстанға экстрадицияланды.
Тағы бір күдікті А.Ысқақов тергеуден қашып, Қырғызстан Республикасында жасырынған. Ол Бішкекте ұсталып, 20 сәуірде Қазақстанға жеткізілді.
Ломбард төңірегіндегі дау
21 ақпанда Қазақстанның бірнеше қаласында "Гарант 24" және "Estate Ломбард" салымшылары компания кеңсесіне жиналып, салған ақшасын қайтарып беруді талап етті.
Артынша қаржы нарығын реттеу агенттігі аталған ломбардтар жұмысында қаржы пирамидасының белгілері бар екенін байқаған.
Ломбардтар өз қызметін 2019 жылдың қазан айында бастаған. Азаматтардың мүлкі мен ақшалай қаражатын алу схемасы кеңселерді жайластыру, қызметкерлер штатын жинау және кәсіпорындардың жалған директорларын тағайындап, өңірлік өкілдіктер ашу арқылы құрылған.
Аталған ЖШС азаматтардан жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жоғары құны бойынша бөліп-бөліп сатып алған, кейіннен 3-5 ай ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігін төлеген, ал осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаларға нарықтық құнынан төмен бағаға сатқан.
Оқи отырыңыз: Халықты алдаған ломбард құрылтайшысы Қазақстанға экстрадицияланды
Бұдан басқа, компаниялар өз клиенттерінен депозит ретінде ай сайынғы сомадан 30-дан 40%-ке дейін сыйақы төлеуге уәде бере отырып, салымдар қабылдаған. Барлық ақшалай қаражат бас офиске құйылған.
Құқық қорғау органдары ломбард иелерінің әрекетінен сан соғып қалған қазақстандықтарға полицияға арыз жазуға кеңес берді.
Қаңтар айының соңында қаржы пирамидасына қатысты істе басты күдікті Аслан Мырзабеков Ақтөбеден Орынборға жетіп, ол жақтан Мәскеуге ұшқан. Содан кейін пойызбен Кишиневке аттанған. Қазақстандық тараптың арнайы өтініші бойынша оны Молдова полициясы ұстады.
Ал 28 ақпанда елден кетпек болған сәтінде "Выгодный займ" ЖШС құрылтайшысы Жанболат Есіркепов те тұтқындалды. Күдікті қамауға алынып, тергеу изоляторына жабылды.