НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Кеше кешке Аягөзді шарлаған дауыл үйлердің шатырын жұлып, ағаштарды қиратып, электр желілерін үзіп кетті. Бірнеше тұрғын жарақат алды.
Оқи отырыңыз: Батыс Қазақстанда мектептер мен аурухананың шатырын жел ұшырып әкетті
Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, дауыл кезінде желдің екпіні секундына 28 метрге жеткен, деп хабарлады yk-news.kz порталы.
"Қалада қатты желдің салдарынан тұрғын үй және әкімшілік ғимараттардың шатыры жартылай жұлынды. Атап айтқанда, 19 екі қабатты тұрғын үй, 72 бір қабатты үй, төрт мектеп, бір балабақша және Орталық аудандық ауруханаға зақым келді", - делінген Шығыс Қазақстан облысы ТЖД таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, қатты желдің салдарынан көптеген ағаш құлап, электр желілері үзілді. Тоғыз мыңнан астам абонент жарықсыз қалды. Таңертең олардың көпшілігіне электр қуаты берілді.
"ШҚ АЭК" АҚ апат бригадалары қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда", - деп толықтырды төтенше жағдайлар департаменті.
Кемінде жеті адам құлаған бұтақтар мен сынған әйнектерден түрлі жарақат алып, қалалық ауруханаға түскені белгілі болды. Олардың бірі ауруханаға жатқызылды, ал алтауы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді.