Қоғам

Нұр-Сұлтанның бас дәрігері кімдер коронавирусқа тест тапсыратынын айтты

© Sputnik / Тимур БатыршинПробирка с тестом на коронавирус
Пробирка с тестом на коронавирус  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сәуле Қисықова жақын адамы коронавирус инфекциясын жұқтырған тұрғындарды дүрбелеңге салынбауға шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қай кезде коронавирусқа тест тапсыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Тесті тек ауру белгілері бар адамдар, сосын жақын қарым-қатынаста болғандар ғана тапсыруы қажет. Басқаларға тест тапсырудың қажеті жоқ. Әйтпесе, тест тапшылығы болады. Сосын сынаманы өңдеу уақыты ұзарып кетеді. Сондықтан себепсіз тест тапсырудың қажеті жоқ", - деді Қисықова онлайн брифингте. 

Оқи отырыңыз: Елорда ауруханаларына күн сайын 500 адам пневмониямен түседі 

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде зертханаларға көп салмақ түсіп жатыр. Себебі халық дүрбелеңге салынып, бірден тест тапсыруға жүгіреді. Ондайда зертхана қызметкерлері үлгермей, күн-түн демей, жұмыс істейді. Инфекцияны жұқтыру қаупі күшейеді. Қазірдің өзінде қалада бір зертхананың 20 қызметкері коронавирус жұқтырған.

"Қазір қала тұрғындары жақын адамы коронавирус жұқтырғанын естісе, дүрбелеңге салынып, бірден зертханаға жүгіреді. Ұжыммен, отбасымен, тіпті, тұтас бір подъезд болып тест тапсыратындар бар. Олай істеуге болмайды. Себебі зертхана жұмысына көп салмақ түседі. Аппараттар бұзылады. Санитарлық нормалар бар. Адам көп келеді. Мысалы, бізде ірі зертханада 20 бірдей қызметкер вирус жұқтырды", - деп атап өтті Қисықова.

Ресми мәліметке сәйкес, астанада басында бір зертхана коронавирусқа сынама алса, бүгінде 8 жерде тест тапсыруға болады. Күн сайын 5 000 сынама алынады. Осы уақытқа дейін шамамен 170 000 адам тест тапсырды,  әлі 40 000-нан астам тест бар.

"Қазіргі кезде біз қосымша полимеразалық тізбек реакция тестерін және жасанды тыныс алдыру аппараттарын сатып алып жатырмыз. Сондай-ақ, екі компьютерлік томограф жеткізіледі", - деп түйіндеді басқарма басшысы.

 

Жаңалықтар
0