Дерекқор

"Қыз Жібекті" үш жыл түсірдік": актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов жайлы не білеміз

© Sputnik / Абзал КалиевАсанали Ашимов на награждении артистов театра
Асанали Ашимов на награждении артистов театра - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, "Отан", "Құрмет", "Қазақстанның Еңбек ері" орденінің иегері Асанәлі Әшімовтің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Ел мен жердің киесі

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылында дүниеге келді. Асанәлінің балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді.

"Қырқыншы жылдары елдегі колхоздастыру, соғыстың зардабы бәрімізге тиді. Тапқан таянғанымыз соғысқа жіберілді. Әкеміз ол кезде соғыста еді. Барлығын сол кісілерге жіберіп жатырмыз деп түсіндік. Біз қара су, қара нанмен күн көрдік. Бала болсақ та, соған көндік. Бірінші сыныпқа 1944 жылы бардым, мектепте оқу құралы, қағаз, қалам жетіспейді. Соның бәрі көмектесті, жоқшылықтың не екенін, аштықтың не екенін білдік, сезім ерте оянды", - дейді әртіс балалық шағы жайлы.

Туған ауылы Жайылманы Лондон, Парижбен салыстыруға келмейтінін айтқан Әшімов ауылына барса, ауруынан айығатынын жиі айтады.

"Туған үй әр уақытта ыстық. Париж, Лондон туған жердей болмайды. Туған жердің топырағы әрқашан ыстық, ағза да соған үйренген. Жайылмаға барған сайын қан қысымы сияқты аурулардан құтыламын. Сол жерде туып-өскендіктен болар көңіл күйім де көтеріледі. Топырақ, елдің, жердің киесі бар, әруақты ұмытпай сәлем беріп тұру керек. Кем дегенде жылына бір рет барамын. Бүкіл ата-бабам сонда жатыр. Атам Ысқақ пірәдар сонда жатыр. Ысқақ пірәдарға басына шырақ жағып, сол жерге мешіт салдырдым. Бірге қайнап, бірге өскен достарымды ұмытпаймын, сағынамын", - дейді Әшімов туған жері жайлы.

© Photo : официальный сайт президента РКНұрсұлтан Назарбаев пен Асанәлі Әшімов
Қыз Жібекті үш жыл түсірдік: актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов жайлы не білеміз - Sputnik Қазақстан
Нұрсұлтан Назарбаев пен Асанәлі Әшімов

"Дәрігерді көрмек түгіл, естіген емеспіз. Тұмау болсақ та, мектепке бара беретінбіз. Балалық шағымызда қыс деген қиын болатын. Сабақ біткен соң демалыста колхоздың жұмысы бар: бидай ору, масақ теру. Балаларды жұмысқа салады. Еңбекке, қиындыққа үйрендік", - дейді әртіс.

Әшімовтің әкесі дүниеден ерте өткен, ол кезде анасы небәрі 22 жаста болған. Анасы содан кейін тұрмыс құрмаған.

"Әртіс болуыма бәрі қарсы болды, тек "Халық әртісі" атағын алғанымда ғана мойындады. Тек анам ғана қолдады",- дейді Әшімов. 

Асанәлі Әшімовтің қызмет жолы

Асанәлі Әшімов 1956-61 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша оқыды. Оқуды бітірген соң "Қазақфильм" киностудиясына актерлік штатқа қабылданды.

1964 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың актерлік құрамына қосылды.

Театр сахнасында көпшілікке белгілі маңызды рөлдерді ойнады. Мұхтар Әуезовтің "Абай" қойылымында Керімді, "Еңлік-Кебек" қойылымында Кебекті, "Қара қыпшақ Қобыландыда" Айшуақты, "Таңғы жаңғырық" қойылымында Жарасбайды сомдады. Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" қойылымында Қодар бейнесі, Мұхамеджанов пен Айтматовтың "Көктөбедегі кездесуінде" Иосиф Татаевич, Шекспирдің "Юлий Цезарінде" Юлий Цезарь, Фриштің "Дон Жуанның думанында" Дон Жуан, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен терінде" Еламанды сомдады.

"Бәрі бірден сарт ете қалған жоқ. Өмірімде қиын-қыстау жолдар көп болды. Адамда бүкіл сезім оянуы керек. Жас кезіңде оның көбісі жоқ, ұрынып қаласың, қателікке ұшырайсың. Ол да керек. Жас кезінде қателеспейтін адам жоқ. Қазір (2017 жыл) бізге қателесу қиын. Оның бәрін өмір көрсетті. Өмірдің талқысы деген сол", - деді актер бір сұхбатында. 

Асанәлі Әшімов студент кезінен бастап фильмдерге түсе бастады. "Ән қанаты" фильмінде Қайменді, "Қыз Жібекте" Бекежанды сомдаса, "Атаманның ақырында" Қасымхан Шадияровды ойнады. "Жазушы" фильмінде Қаражал, "Нан дәмінде" директор болса, "Сіз кімсіз К мырза?" фильмінде басты рөлде ойнады. Қазақ киносында отызға тарта образды сомдаған.

"Қазақ өзі сыншыл ғой. Қазіргі жағдайда киноны түсіру бір жағынан қиын, екінші жағынан оңай болуы мүмкін. Бұрынғы қысым жоқ, еркіндік бар. Бұрын қысым болған кез де жақсы еді, қателеспей шығатын. Қазір еркіндікке жібергеннен кейін лағып кетуге болады. Ұлы тарихи фильмдерге барып жатыр, бірақ сол жерде көп режиссер өмір мен өнерді шатастырып алды. Өмірдің бәрі өнер емес, өнер – бір төбе. Көп нәрсені өнер жасау керек. Жібек пен Төлеген фильмдегідей киінбеген шығар, алайда көтермелеп, фантазия, әдемілікке қарай бет бұрған, бұл – кино. Ал солардың киімін зерттеп, өмірін зерттеп, соны тауып, суретке шығарса, ол – өмір. "Өмірде солай болған екен ғой" дейді, қазіргі жас режиссерлер осыны шатастырады", - дейді ол. 

Актерлікпен қатар режиссерлікке бет бұрған Асанәлі Әшімов Мұхтар Әуезов театры сахнасында "Амангелді", "Мен ішпеген у бар ма?", "Ақбілек", "Ревизор", "Фархад-Шырын","Қаза мен жаза" және өзге де қойылымдарды қойды. Ал "Қазақфильм" киностудиясында "Аждаһа жылы", "Шоқан Уәлиханов", "Жусан","Қозы Көрпеш–Баян сұлу", "Тұзды көл жағасындағы үй" фильмдерін түсірді.

"Актердің әр айтқанының астары болу керек. Сахна – ұлы өнер. Өкінішке қарай, көп актер жеңіл-желпі қарайды. Әр алған образыңды ауырлатуың керек. Қазір сериал деген шықты. Баяғыда "Қыз Жібектің" екі сериясын үш жыл түсіргенбіз. Қазір аптасына бір серия түсіреді. Көп нәрсесін ашпайды, оны сериал деп есептемеймін. Оның бәрін кино деп айтуға келмейді. Бізде батырлар жырынан бастап, мол мұра жатыр. Соны түсіретін режиссер жоқ", - дейді Асанәлі Әшімов.

Актер жастық шағынан бері күнделік жазады. 1Жас күнімізде көшіп-қонып жүріп, он бес шақты дәптерім жоғалып кетті" деп айтып отырады. Ал кейінгі жылдары аңыз адамның жазғаны кітап болып, баспадан шықты. Соның бірі алғашқы жары Майра Аймановаға арнап жазылған "Майраның әні" кітабы. Кітап 35 жыл отасқан жары қаза болғаннан екі жыл өткен соң 1995 жылы шықты. Одан бөлек 2007 жылы 5 томдығы мен 2008 жылы "С любовью Ваш Асанали Ашимов" кітабы жарық көрді. Сонымен қатар "Жан бөлек", "Алаштың Асанәлісі", "Менің жанрым - күнделік", "Ғұмыр-дария"кітаптары бар. 

Марапаттары

1970 жылы "Қазақфильм"киностудиясы түсірген "Атаманның ақыры" толық метражды екі бөлімнен құралған көркем фильмінде Асанәлі Әшімов басты рөлді сомдады. Бұл детектив жанрында түсірілген екі сериялы тұңғыш қазақ фильмі. Фильмдегі рөлі үшін 1972 жылы Әшімов Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алды.

Фильмді қойған – кинорежиссер Шәкен Айманов. Операторы – Асхат Ашрапов, композиторы – Еркеғали Рахмадиев.

1974 жылы "Қан мен тер" спектакліндегі рөлі үшін КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді, 1976 жылы Қазақ КСР Халық әртісі атағы, 1980 жылы КСРО Халық әртісі атағы берілді.

2000 жылы тәуелсіз "Тарлан" сыйлығы, 2001 жылы мемлекеттік "Отан" орденімен марапатталды.

2007 жылы 70 жылдық мерейтойы қарсаңында "Парасат", "Құрмет" орденімен марапатталды.

2017 жылы Елбасы жарлығымен "Қазақстанның Еңбек ері" алтын жұлдызды құрметті атағы берілді.

Отбасы

Асанәлі Әшімов кинорежиссер Шәкен Аймановтың қызы, опера әншісі Майра Аймановамен 35 жыл некеде болған, Майра Шәкенқызы 1993 жылы дүниеден өтті. Екеуі студент кезінде отбасын құрған. Алғашқы жары жайлы Әшімов "Құдай Майраны мен үшін жаратқан" деп айтады. Екеуінің шаңырағында Мәди мен Сағи есімді екі ұл дүниеге келген.

Сағи Асанәліұлы төрт сериялы "Шоқан Уәлиханов" телефильміндегі Шоқан рөлімен көпшіліктің есінде қалды, ол 1999 жылы 38 жасында өмірден өтті.

Сәулетші болған ұлы Мәди Асанәліұлы 1959-1999 жылдары өмір сүрді.

Оқи отырыңыз: "Әкең өлді ме?!": Асанәлі Әшімов полицейдің ақшасын алып қойды

Ал актердің екінші жарының есімі – Гүлсім. Екеуінің 1980 жылы туған Олжас есімді ұлы бар. Майра Айманова дүниеден өткен соң екеуі шаңырақ көтергенімен, некесі ұзаққа бармады.

Актердің үшінші жарының есімі – Маржан, 1999 жылы екеуінің Сағина есімді қызы дүниеге келді. Екі жыл некеден кейін ажырасып кетті.

© МКФ "Евразия"Асанәлі Әшімов отбасымен
Қыз Жібекті үш жыл түсірдік: актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов жайлы не білеміз - Sputnik Қазақстан
Асанәлі Әшімов отбасымен

Асанәлі Әшімовтің төртінші жары - өзін емдеген Бағдат есімді дәрігер. Ол актерден 34 жасқа кіші. Екеуі 2002 жылы шаңырақ көтерді, 2008 жылы екеуінің Асанәлі есімді ұлы дүниеге келді.

"Бала тәрбиесі қиын. Атасы мен әжесінің тәрбиесі керек, әсіресе әжесінің. Халықтың еш халықтан кем болмауын тілеймін", - дейді Әшімов.

Жаңалықтар
0