НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Түркістан облысында тауда жоғалған баланың өлімінен кейін мұғалімге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мұғалімге қатысты 141-бап бойынша (Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында оқиғаның мән-жайы анықталады", - деді Sputnik Қазақстанға Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қарагөзова.
Айтуынша, тиісті сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті оқиғаның мән-жайын айтты.
"22 оқушы және үш ересек – бір жүргізуші, бір ата-ана және тәрбиеші кеше күндіз демалуға шыққан. Тәрбиеші тоғыз баланы ертіп, тауға кетіпті. Ал қалғандары демалыс орнындағы коттеджде қалған. Үш бала адасып кеткен, тәрбиеші өзі іздеген, бірақ қараңғыда таба алмаған. 22:48-де бізге балалардың жоғалғанын хабарлады", - деді департамент басқармасының бас маманы Серікбай Темірлан.
Тағы оқыңыз: Алматылық оқушы Бурабайда орманда адасып кетті
Айтуынша, жардан құлаған баланың мәйіті құтқарылған екі бала адасқан маңнан табылған.
Оқушылардың барлығы қазір үйінде, ата-аналарына тапсырылды.
Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойынша абайсызда жас баланың өліміне әкеп соққан іс-әрекет үшін белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске сала кетсек, 15 маусымда Түркістан облысы Төле би ауданы Біркөлік ауылынан 5 шақырым жердегі "Біркөлік" демалыс аймағында қайғылы жағдай болды.
Күндіз үш ересек және 22 оқушы тау бөктеріне демалуға шыққан, қайтар жолда үш бала адасып кеткен. 16 маусым сағат 00:58-де құтқарушылар жардан құлаған 2003 жылғы жасөспірімнің денесін тапты. Күндіз қалған екі бала құтқарылды.