Қоғам

Жесір әйелдермен ғана жұмыс істеген шымкенттік алаяқтың әрекеті әшкере болды

CC0 / Narcis Ciocan / Подписание документа
Подписание документа - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ер адам әйелдерді қайтыс болған күйеуінің сақтандыру төлемдерін алуға көмектесемін деп алдап кеткен

АЛМАТЫ, 15 маусым – Sputnik. Шымкент тұрғыны төрт жесір әйелді 18 миллион теңгеге алдап кетті, деп хабарлады Polisia.kz порталы.

Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтық жолмен бейтаныс адамның үлкен көлемде ақша алғанын хабарлады.

"Жәбірленуші әйелдің айтуынша, алаяқ оның жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан күйеуінің сақтандыру төлемдерін алуға көмек көрсететінін айтқан. Жесір әйелдің сеніміне кіріп, сақтандыру сенімхатын өз атына ресімдеуге көндірген ер адам шотына ақша түскен соң бой тасалаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 5 миллион теңгеден асты", - делінген хабарламада.

Осыған ұқсас арызбен полиция басқармасына тағы бірнеше жәбірленуші шағымданған.

Аталған жайттар Қылмыстық кодекстің 190-бабы ("алаяқтық") бойынша Сайрам аудандық полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Қылмысты ашу үшін тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті Алматы қаласында ұсталды.

"Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында күдіктінің жалпы сомасы 18 миллион теңгеден асатын төрт алаяқтық іске қатысы бары анықталды", - делінген ақпаратта.

Полицияның хабарлауынша, ер адам бір жоспар бойынша әрекет еткен. Алдымен жәбірленушінің сеніміне кіріп, жесір әйелге күйеуінің сақтандыру төлемдерін алуға көмектесемін деп уәде берген. Құжаттарды ресімдегеннен кейін өз шотына ақшаны аударып, жасырынып жүрген.

Оқи отырыңыз: Алаяқ жігіт он тоғыз қыздың басын айналдырып, мұзға отырғызып кетті

Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Тергеу барысында ер адамның басқа да алаяқтық әрекетке қатысы бар екені анықталды.

Жаңалықтар
0