Қоғам

"Түн ортасында қоңырау шалады": қан тапсырып жүрген тұрақты донорлардың әңгімесі

© Sputnik / Илья Питалев / Медиабанкке өтуҚан тапсыру орталығының жұмысы
Қан тапсыру орталығының жұмысы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгінде астанадағы қан орталығы күніне 100-120 донор қабылдайды, оның ішінде шамамен жиырма процентінің қаны жарамсыз, ал коронавируспен ауырып, жазылғандар алты ай бойы қан тапсыра алмайды

НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым – Sputnik, Нұргүл Абай. Қан тапсыру – адамға өмір сыйлауға мүмкіндік беретін сауапты іс. Қанға сұраныс ешқашан азайған емес. Дүниежүзілік қан донорлары күніне орай Sputnik Қазақстан адам өміріне араша түсіп жүрген тұрақты донорлармен әңгімелесіп, донор болудың артықшылықтары жайлы сұрап білді.

Қырық жыл бойы қан тапсырып келеді

58 жастағы Әбілдә Биқожаев – астанадағы қан орталығының тұрақты доноры. Алғаш әскерге шақырылған кезде қан тапсырған.

"1980 жыл болатын. Әскерге шақырылған кезім. Бір сарбазға шұғыл қан қажет болып, бүкіл взвод –  отыз екі адам қан тапсырдық. Әлгі жігіт емделіп, жазылып шықты. Сол сәттен бері мұқтаж жандар үшін қан тапсырып келемін", - дейді зауыт қызметкері.

Елорда тұрғыны қан орталығына әр екі ай сайын барып тұрады. Тұрақты түрде қан тапсырып тұрғаннан денсаулығым жақсармаса, нашарлаған жоқ дейді.

"Бүгінге дейін қанша литр қан тапсырғанымды білмеймін. Әйтеуір, уақытылы барып, тексеріліп, көмегімді тигіземін. Қан тапсырар алдында майлы, ащы тамақ жемеймін, зиян әрі қан қоюланып кетеді. Көбірек сұйық ішемін. Сөйтіп, алдын ала дайындалып барамын", - дейді ол.

Тағы оқыңыз: Дәрігер жұртты донор болуға қатысты ұстанымын тірі кезінде білдіріп кетуге үндеді

Бір қызығы, оның айтуынша, қан тапсырғаннан кейін өзін әлсіз сезінбейді.

"Қан тапсыру маған мүлде ешқандай әсер етпейді, өзім соған таңғаламын. Кейбір адамдарды байқаймын, басы айналып, әлсіреп, қиналып қалады. Менің басым да айналмайды, бойымда әлсіздік те болмайды. Құдайдың берген денсаулығы шығар, бәлкім. Дәрігерлер міндетті түрде тынығып, демалыңыз деп айтып жатады. Ал мен тұрып кете барамын", - деп күлді Биқожаев.

Астаналық донор қырық жыл ішінде талай жанның өміріне араша түскен.

"Түн ішінде қоңырау шалып, шұғыл қан керек деп іздейтін жағдайлар болады. Біреулер жол апатына түседі, енді бірінің балалары дертке шалдығады. Әлдекімге көмегіміз тиіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе. Сондықтан қан тапсыруға қорқатын жандарға айтарым: донор болудың еш қиындығы жоқ, денің сау болса, қан өткізіп тұрған дұрыс әрі пайдалы", - дейді елорда тұрғыны.

Биқожаетың қызы да әкесі сияқты тұрақты донор екен, астаналық болашақта жарын да сауапты іске тартпақшы.

"Мен үшін қан тапсырған әр күнім мереке"

Инаят Тілеубаев – Нұр-Сұлтандағы жас донорлардың бірі. 23 жастағы кәсіпкер екі жыл бойы үзбей қан тапсырады. Тұрақты донор болу туралы шешімді аяқасты қабылдаған.

"Бірде "игі іс жасап, адамдарға неге көмектеспеске" деген ой келді. Сөйтіп аяқ астынан қан доноры болуы туралы шешім қабылдадым. Қан тапсыру орталығына хабарласып, донор туралы қажетті ақпарат алдым. Барлық талапқа сай келген соң, ертесіне барып қан тапсырдым", - деп бастады әңгімесін елордалық жігіт.

© Photo : Инаят Тілеубаевтың жеке архивіненЖас кәсіпкер Инаят Тілеубаев қан тапсырып жатыр
Түн ортасында қоңырау шалады: қан тапсырып жүрген тұрақты донорлардың әңгімесі - Sputnik Қазақстан
Жас кәсіпкер Инаят Тілеубаев қан тапсырып жатыр

Әдетте, бір донордан 450 миллилитр қан алынады, Инаят осы кезге дейін шамамен он рет қан тапсырған.

"Қан тапсырудың артықшылықтары көп. Ең алдымен, психологиялық түрде қатты көмектеседі. Бейтаныс адамның өмірін құтқарғаныңды сезесің. Бұл мен үшін өте маңызды. Екіншіден, денсаулық үшін де пайдалы. Өйткені әр қан тапсырған сайын организм тазарады", - дейді ол.

Оның айтуынша, қан тапсыру процедурасы көп уақытты қажет етпейді. Небәрі жиырма минут уақытты алады.

Астаналық жігіт жуырда ғана қан орталығына барыпты. Карантин кезінде қан тапсырмаған екен.

"Орталыққа кірген кезде, бірден дене қызуын өлшеді. Содан кейін коронавирусқа қатысты сұрақтар қойылған анкета толтырдық. Әдетте, донорлардан тек бір сауалнама алынады, осы жолы екі анкета берді. Бетперде тағу, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау міндетті", - дейді қала тұрғыны.

Тағы оқыңыз: "Бәрі басқаша болар еді": жасанды жүрекпен жүрген алматылық өкінішін айтты

Тілеубаевтың достары да одан үлгі алып, қазір сауабы мол іске атсалысып жүр.

"Мен үшін қан тапсыруға баратын әр күнім мереке. Сол күні тамаша сезімде боламын, бір күнім босқа өтпегеніне қуанамын. Қазір достарым да донор бола бастады. Қан тапсыру туралы жүз рет естіп, көргеннен гөрі, жарты күн уақыт бөліп, бір рет тапсырған жақсы", - дейді кәсіпкер.

Қан донорлары нені білуі қажет

Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы донорларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі Эльмира Көпееваның айтуынша, астанадағы қан орталығына күн сайын 100-120 донор келеді. Оның ішінде 15-20 пайызының қаны әртүрлі себепке байланысты жарамсыз.

"Адам 450 миллилитр қан тапсырған кезде, қаны толығымен жаңарады. Ер адамдар тұрақты түрде екі ай сайын, ал әйелдер әр үш айда бір рет тапсырып тұрады. Қан тапсыру, ең алдымен, жүрек-қан тамырлары ауруының алдын алады. Бізде барлық қан тобы сұранысқа ие, десе де, резус-факторы оң бірінші топтағы қан жиі кездеседі", - деді орталық маманы.

Ол 18 жасқа толған кез келген дені сау азамат донор бола алатынын атап өтті. Қан орталығына келетіндер өзімен бірге міндетті түрде жеке куәлігін алып жүруі тиіс.

"Жас шектеуі жоқ, он сегізге толған азамат қан тапсыра алады. Алпыстан асқан адамдар да донор болады. Қан тапсырар алдында дәрігер әр донордың денсаулығын тексереді. Созылмалы жүрек-қан тамырлары ауруы, трансмиссивті инфекциямен, яғни В, С гепатиті, сүзек, АИТВ, эндокринндік аурулармен ауыратындар, қант диабеті барлар қан тапсыра алмайды", - деп түсіндірді Көпеева.

Айтуынша, донорлардың қырық проценті – 18-ден 25  жасқа дейінгі жастар, басым бөлігі – ер адамдар.

Қазақстанда өз еркімен қан тапсырғандарға күш-қуатын қалпына келтіру үшін 0,25 АЕК ақша төленеді. Сонымен қатар, екі күн демалысқа анықтама беріледі.  

Коронавируспен ауырғандардан уақытша қан алынбайды

Бөлім меңгерушісі коронавирус індетіне шалдыққандардан әзірге қан алынбайтынын айтты.

"Олар қан тапсыра алады, бірақ белгілі бір уақыттан кейін. Қазір олардан алты ай бойы қан алынбайды", - деді ол.

Орталықта пандемия өршіп, елде төтенше жағдай жарияланғанда, донорлар саны едәуір азайған. Қоғамдық көлік тоқтағандықтан, қан орталығына жету қиындаған. Орталық басшылығы донорлар үшін арнайы көлік ұйымдастырып, оларды тасып отырған.

Тағы оқыңыз: Қаны сирек кездеседі: қазақ жігіті қытайларға қалай көмектесіп жүр

"Қазір күніне 100-120 донор қабылдасақ, карантин кезінде, әсіресе, наурыз-сәуір айларында 26-40 процентке азайды. Дегенмен, біз сұранысты толығымен қанағаттандырдық, қан тапшылығы болған жоқ", - дейді Көпеева.

Айтуынша, қазір орталықтың жұмысы қалыпты өмірге оралып жатыр. Донор саны күннен-күнге ұлғаюда.

Жаңалықтар
0