НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның қанынан коронавирус 10 күн бұрын табылғаны белгілі болды.
Үй карантинінде болған депутаттың денсаулығы күрт нашарлаған соң аурухана жатқызылған.
Мәжілісменнің дауысы әрең шықты, "бәрі жақсы" дегенімен, оның қиналып жатқаны телефонның арғы жағынан анық білініп тұрды, деп хабарлады КТК.
"Сөйлесуге шамам жоқ, айналайын. Дәрігерлер жауап берсін. Бәрі жақсы. Рақмет, жаным. Ауырып жатырмын", - деп қысқа қайырды мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.
Енді депутаттың жанында жүрген көмекшілері мен отбасы мүшелері жаппай тест тапсыруға көшкен. Қазірдің өзінде Тілеуханмен байланыста болған бес адамнан вирус анықталған көрінеді. Ал Мәжіліс үйіндегілер алаңдауға негіз жоқ деп отыр.
Оқи отырыңыз: Бекболат Тілеуханнан коронавирус табылды
"Қазір депутат Бекболат Тілеуханнан коронавирус инфекциясы анықталып, ол қажетті емдеу курсын қабылдап жатыр. Ол осыған дейін қашықтан жұмыс істеу режимінде болған. Бүгінгі таңда депутаттық корпустан да, аппарат қызметкерлерінен де аталған ауру белгілері анықталған жоқ", - деп атап өтті мәжілістің баспасөз қызметі.
Десе де, Мәжіліс үйі сақтық шараларын күшейтіп, қауіптің алдын алуға көшкен.