Қоғам

Білім министрі болғанына бір жыл: Аймағамбетов осы уақытта не тындырды?

© Sputnik / Абзал КалиевМинистр Минобра Асхат Аймагамбетов перед началом ЕНТ 2019
Министр Минобра Асхат Аймагамбетов перед началом  ЕНТ 2019 - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Педагогтың мәртебесі, коронавирус эпидемиясы кезіндегі қызу жұмыс, мектепке қабылдау тәртібі өзгерді - Sputnik Қазақстан білім министрінің бір жылдағы жұмысына шолу жасады

НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Асхат Аймағамбетовтің білім және ғылым министрі болып тағайындалғанына тура бір жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде ең жас министр өзіне дейінгі басшылықтың бірқатар шаруасын аяғына дейін жеткізді, өзі де тың бастамаларымен көзге түсті. Sputnik Қазақстан тілшісі Асхат Қанатұлының бір жылдың ішінде атқарған жұмысын зерделеп шықты.

Педагогтың мәртебесі қалай өсті?

Сөз жоқ, жас министрдің басты жетістігі - "Педагог мәртебесі туралы" заңның қабылдануы. Осы құжатты әзірлеу жұмысы экс-министр Ерлан Сағадиевтің кезінде басталған. Сол кезде Қазақстан президенті болған Нұрсұлтан Назарбаев та нақты тапсырма берген болатын. Алайда педагогтер үшін маңызды әрі ауқымды заң жаңа президент пен жаңа министрдің тұсында қабылданды.

Заң аясында биылдан бастап мұғалімдердің жалақысын 25 процентке өсіру қарастырылған. Осылайша, төрт жылдың ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есеге артады. Бұдан бөлек, ұстаздардың жүктемесін азайту мен қосымша ақысын өсіру сияқты нақты шаралар бар. 

Ал ұстаздарға тіл тигізгені үшін және олардың міндетіне жатпайтын жұмысқа тартқаны үшін айыппұл салынады. Тіпті, қамауға алуға дейінгі жаза қарастырылған. Мұғалімдер болса, этика нормаларын қатаң сақтауы шарт. 

Оқи отырыңыз: "Тоқтатуымыз керек": министр Аймағамбетов жиі көтеріліп жүрген мәселеге нүкте қойды

Әкімдіктер педагогтің коммуналдық төлемдерін, баспана жалдауға және шипажайда емделуге кететін шығындарын толық немесе ішінара өтей алады.

Заңды талқылау кезінде мұғалімдерді еңбек өтіліне қарай зейнетке ерте шығаруға қатысты ұсыныс та болған. Алайда ол бастама іске аспай қалды.

ЖОО-ларды біріктіруді жалғастырды

Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарын біріктіру шараларын да жалғастырды. Осы орайда сенаторлар тарапынан Қостанай мемлекеттік университетін Қостанай педагогикалық университетімен, сондай-ақ, Тараз мемлекеттік университетін Тараз педагогикалық университетімен біріктіруге қатысты сын да айтылған. Бірақ министр осы шаралардың арқасында білімнің сапасын ғана емес, профессор-оқытушылардың жалақысын да көтеруге болады деп отыр.

Министрдің айтуынша, бүгінде мектепті үздік бітірген жастар педагогика мамандығына көп бара бермейді. Ал осы санаттағы жоғары оқу орындары мен колледждерге, көбінесе, ҰБТ-дан төмен балл алғандар түседі.

"Бүгінде 85 университет пен 75 колледж педагог мамандарды даярлайды. Бірақ олардың сапасы сын көтермейді. Сондықтан біз кәсіби талаптарды күшейтіп жатырмыз", - дейді Аймағамбетов.

ЖОО-ларды тексеру шаралары да жалғасып, бірнеше университеттің лизенциясы тоқтатылды.

Вице-министрдің дауы немен аяқталды?

Сенаторлар білім вице-министрі болған Фатима Жақыповаға да шүйліккен. Атап айтқанда, депутаттар оның ғылыми диссертациясы плагиат жүйесінен өтпегенін алға тартып, "жалған ғалым" атағын алғаны үшін жұмыстан босатуды талап етті. Сол кезде министр Аймағамбетов сенат отырысына арнайы барып, вице-министрдің атағын алып қоя алмайтынын жеткізді. Бірақ Фатима Жақыпова жұмыстан өз еркімен кетті.

Министрдің айтуынша, Қазақстан плагиатқа қарсы жаңа жүйеге қосылды. Оны әлем бойынша 15 мың үздік университет пайдаланады. Енді, барлық курстық жұмыс, диплом мен диссертация осы жүйеден өтетін болады және сол жерде сақталады. Сөйтіп, бір рет жазылған жұмысты екінші рет қорғауға мүмкіндік болмайды.

Қашықтан оқытудың машақаты

Биыл коронавирус пандемиясына байланысты мектеп оқушылары мен студенттер демалысқа ерте шықты. Министрлік болса, бірден онлайн оқыту жүйесін әзірлеуге кірісті. Бірақ сынақ кезінде бірқатар олқылықт анықталды. Содан онлайн емес, қашықтан оқыту жүйесін іске асыруға шешім қабылданды. Осылайша, төртінші тоқсанда оқушылар теледидар, интернет пен мессенджерлер арқылы білім алды.

Мәселен, "Күнделік.кз" жүйесіне бір күннің ішінде 2,2 миллион оқушы кірді. Осы жүйеде 32 миллион сессия жасалды. Сол кезде министр аталған көрсеткіштің egov.kz-тан да екі есе көп екенін айтқан. Үйде отырған балаларға мектептің компьютерлері де таратылды.

Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев қашықтан оқыту кезінде интернет жүйенің сынақтан өтпегенін мәлімдеді. Көптен бері айтылып жүрген E-Learning жүйесі де сын көтермейді. 

Президент бүгінгі жағдайды ескеріп, қашықтан оқыту жүйесін заңдастыру қажеттігін де айтқан. Себебі коронавирус пандемиясы сияқты қауіп-қатерлер қайталануы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Білім министрі мектеп директорларын не үшін жұмыстан шығаратынын айтты 

Осы мәселе көтерілгенде ата-аналардың зәресі ұшты. Қашықтан оқытуды заңдастырса, дәстүрлі оқытуды алып тастайды деп үрейленді. Содан "Мектепте дәстүрлі оқыту форматы қайтарылсын!" деген ұранмен президентке үндеу жолдады. Ал министр Аймағамбетов қашықтан оқытуды не үшін заңдастырып жатқанын түсіндірді.

"Балалар, ата-аналар, мұғалімдер және министрлік – бәріміз де мектепке барып оқу ең тиімді және ыңғайлы формат екенін түсінеміз. Дәстүрлі оқу формасын ешкім де алып тастамайды. Қашықтан оқыту форматына көшу мәжбүрлі шара болатын. Болашақта барлығы мұндай сын-қатерге дайын болуы керек. Сол себепті ведомство тиісті жұмыс жүргізіп жатыр", - деді Аймағамбетов.

Мектепке қабылдау процесі өзгерді

Аймағамбетовтың тұсында мектепке қабылдау ережесі де өзгерді. Келесі жылдан бастап бірінші сынып оқушыларының құжаттарын қабылдау маусымда емес, 1 сәуірде басталады және 1 тамызға дейін жалғасады. 

"Мұндай өзгерістер не үшін қажет? Біріншіден, бұл  – ата-аналар үшін ыңғайлы. Олар мектепті алдын-ала анықтап, оқуға түсу үшін қажетті құжаттарын мектеп ұжымы немесе өздері еңбек демалысында болған уақытта емес, одан ертерек тапсыра алады", - дейді Аймағамбетов. 

Мектеп әкімшілігі болса, өз жұмысын алдын ала жоспарлайды. Сыныптарды дайындайды, оқулықтарға тапсырыс береді, сағаттарды бөледі. Жалпы, оқу жылына жан-жақты дайындалуға мүмкіндік болады.

Ата-аналар үйден шықпай-ақ, "электронды үкімет" порталы арқылы 1-сыныпқа қабылдау туралы өтініш бере алады. Бір мектептен екіншісіне ауыстыру процесі де автоматтандырылады.

Биылдан бастап колледждер мен жоғары оқу орындарына қабылдау автоматтандырылған режимде жүргізіледі.

ҰБТ-ға өзгеріс енгізілді

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде бет-әлпетін тануға арналған "Face ID" жүйесі алғаш рет қолданылады. Ал ҰБТ сертификаты электронды үлгіде болады. Грантты тағайындау туралы куәлік те осындай форматта беріледі.

Сонымен қатар, SAT және IB халықаралық тестерінің ұпайын ҰБТ балына аудару шкаласы енгізілді, сондықтан осы сертификаттары бар түлектер ҰБТ тапсырудан босатылып, білім грантын тағайындау конкурсына осы ауысқан балмен қатыса алады.

Шекті балл жинамаған адамдар енді жыл бойы ҰБТ тапсыруға құқылы. Ал педагогикалық мамандықтар үшін шекті балл 70-ке дейін көтерілді. 

Оқи отырыңыз: Білім министрі қандай шешімі үшін өкінбейтінін айтты

Талапкерлерден тыйым салынған заттар табылған жағдайда немесе бейнежазбаның сараптамасын қарау кезінде анықталған болса, онда ҰБТ нәтижесі, сондай-ақ білім беру гранты жойылады. 

Бұдан бөлек, тестілеуге қатысатындарға тапсыру орындарында қарапайым калькулятор беріледі. Ал тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан төрт сағатқа дейін ұзартылды.

Министр қандай уәде берді?

Өткен жылы Тараздағы орта мектептердің бірінде педофил 12 жасар оқушы қызды мектеп ауласындағы дәретханада зорлап кеткен. Осы оқиғадан кейін бейнебақылау жүйесін орнату мәселесі көтерілді. Сол кезде министр Асхат Аймағамбетов бірінші қыркүйекке дейін мектептер мен балабақшалар бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.

Ал 2021 жылдан бастап мектептер он екі жылдық білім беру жүйесіне көшеді. Сондай-ақ, Асхат Қанатұлы мектептерге әліппені қайтаруға уәде берген.

Жаңалықтар
0