НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. Павлодар облысының Баянауыл ауданы Майқайың кентінде тұратын көпбалалы ана екі бөлмелі пәтерге ие болды.
Үйдің кілтін жалғызбасты әйелге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы табыс етті, деп хабарлайды діни басқарманың баспасөз қызметі.
"Адам баласы үшін баспананың орны ерекше. Ол – шаршағанда тынығатын, құлшылық жасап, дұға ететін, бала-шағаңмен қауышып, қуанышқа бөленетін, қонақ күтіп, батасын алатын мекенің. Сондықтан осы үйді игілік жолында пайдалануларыңызға тілектеспін. Осы отбасыға қолдау білдіріп, қуанышын еселеген барша азаматқа Алла разы болсын айтамын. Жасаған қайырымдылықтың қайырын өздеріңіз көріңіздер", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қасив Хинаят пәтерді "Зекет" қорының "Ел үлесі – пәтерге" қайырымдылық акциясы аясында алды.
Отбасы 1993 жылы Қазақстанға Моңғолиядан көшіп келген, деп хабарлайды өңірлік pavlodarnews.kz сайты. Отағасы қайтыс болған.
"Төрт қызым және бір ұлым бар. Ұлым екінші топтағы мүгедек, қазір ауруханада жатыр. Бізге пәтер алуға көмектескен барлық жанға алғыс білдіргім келеді", - дейді көпбалалы ана.
Қайырымдылық акциясы бойынша Павлодар облысында 7 отбасыға баспана берілген. Барлығы Қазақстан бойынша 235 пәтердің кілті табысталды.