НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым – Sputnik. Шымкентте биыл "2-10-20" бағдарламасы аясында мыңнан астам отбасы баспаналы болады, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Шымкентте 39 259 азамат тұрғын үйге мұқтаж. Бұл туралы тұрғын үй және тұрғынүй инспекция басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов айтты.
Жыл соңында 450 көпбалалы отбасы, 394 әлеуметтік жағынан осал топтағы азамат, 300 жас баспаналы болады.
Айта кетейік, осы жылы "2-10-20" бағдарламасы бойынша 1047 тұрмысы төмен отбасы пәтер алуға өтінім берген. Қазіргі таңда құжаттарды тексеру жұмыстары жүргізілуде. Ал "7-20-25" бағыты бойынша 219 азамат, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы 73 азамат баспаналы болған.
Оқи отырыңыз: Министр биыл Қазақстанда қанша үй салынатынын айтты
Жыл соңына дейін "2-10-20", "7-20-25" бағдарламасымен бастапқы жарнаның бір бөлігіне әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде жергілікті бюджеттен ақша қаралып, сертификаттар беру жоспарланған.
Жалпы Шымкентте кезекте тұрғандар: жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар – 1631, көпбалалы – 5188, әлеуметтік жағынан әлсіз топ – 12829, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері – 19585, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған – 26.