АЛМАТЫ, 11 маусым – Sputnik. Елордада коронавирустан қайтыс болған төрт адам жайлы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ақпарат берді.
Бұған дейін 1973, 1952, 1950, 1961 жылы туған төрт науқастың қайтыс болғаны хабарланған еді.
Өз бетінше емделген
Қайтыс болғандардың бірі 1973 жылы туған азамат – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны.
"Науқастың айтуынша, ол екі апта бойы ауырып, жұмыс орнындағы медицина қызметкерлерінің нұсқауымен өз бетінше ем алған", - деді басқармадағылар.
Төрт күн бойы жағдайы нашарлап, ентігу пайда болған кезде стационарға келген. Науқас жансақтау бөліміне жатқызылды.
"Төрт күн ішінде жағдайы жақсарған жоқ, 8 маусымда көз жұмды", - делінген хабарламада.
Жөтел, қақырық пен кеуде қуысы ауырған
3 маусымда жедел жәрдем 1952 жылы туған елорда тұрғынын провизорлық стационарға жеткізеді. Науқас жөтел, қақырық бар екенін, тыныс алу кезінде кеуде қуысының ауыратынын айтып шағымданған, дене қызуы көтерілген.
Науқас 5-6 күннен бері өзін нашар сезініп жүргенін, өз бетінше емделгенін айтты.
"Тексеруден кейін науқас қарқынды терапия палатасына жатқызылды, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Бес күн ішінде жағдайы жақсарған жоқ, 8 маусымда көз жұмды", - деп нақтылады басқармадағылар.
Орал тұрғыны Нұр-Сұлтанда көз жұмды
Елордада қайтыс болған 1950 жылы туған ер адам – Орал қаласының тұрғыны.
Ол жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен диспансерлік есепте тұрған.
"21 мамырда науқасты инфекциялық стационарға жеткізді. Жағдайы ауыр болғандықтан бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Ол жерде 19 күн бойы жағдайы жақсармады. Тоғызыншы маусымда қайтыс болды", - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Алматылық елордада қайтыс болды
Төртінші қайтыс болған ер адам – 1961 жылы туған Алматы қаласының тұрғыны.
Ол 1 маусымда Нұр-Сұлтан стационарына өзі келген.
"Пациент провизорлық стационарда жансақтау бөліміне жатқызылды. Ол инвазивті емес тыныс алу аппаратына қосылды", - делінген хабарламада.
Науқас сегіз күннен кейін 10 маусымда қайтыс болды.
Жалпы, астанада коронавирустан 14 адам қайтыс болды, ел бойынша көз жұмғандар саны 67 адамға жетті. Республикада 13 мыңнан астам адамнан COVID-19 инфекциясы табылды, сегіз мыңнан астам адам сауығып шықты.