АЛМАТЫ, 11 маусым – Sputnik. Жақын арада Birgemiz қорынан берілетін 50 мың теңге көлеміндегі бір реттік төлемнің төртінші толқыны басталады. Қазақстандықтарға өтінім берудің қажеті жоқ, себебі әкімдіктерде көмекке мұқтаж жандардың тізімі бар, дейді Birgemiz қоғамдық қорының басқарма төрағасы Руслан Сәкеев Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Ауыл тұрғындарына көмек
"Бірінші және екінші толқын аясында жүз мыңнан астам халқы бар 23 ірі қаланың тұрғыны бір реттік төлем алды. Өйткені ол жерде коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары болды", – деді Сәкеев.
Үшінші толқын коронавирус инфекциясы тіркелген аудан орталықтарының, елді мекендердің тұрғындарын қамтыды. 50 мың теңгеден 110 мың адамға берілді.
Осы үш толқын барысында 470 мыңнан астам мұқтаж азаматқа атаулы көмек көрсетілді.
"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылдық жердің тұрғындарына баса назар аудара отырып, мұқтаждарға тікелей қаржылай көмектің төртінші толқынын көрсету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Қазір бұл мәселені пысықтап жатырмыз. Жақын арада көмек беріле бастайды деп күтілуде", – деді Сәкеев.
Неге өтінім берудің қажет жоқ
Бір реттік төлем берілетін азаматтардың санатын қордың қамқоршылық кеңесі бекітеді.
Тізім еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы бойынша жасалды, деп нақтылады Сәкеев.
"Қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жастар бірлестігінің басшылары, БАҚ өкілдері кіретін қордың қамқоршылық кеңесі көмекке мұқтаж азаматтардың жеті санатын анықтады. Ал тізім облыс әкімдіктерінде жасалады, себебі жергілікті атқарушы органдар ол жердегі жағдайды біледі", – деді ол.
Айтуынша, облыстарда Birgemiz аймақтық қорлары құрылған, сол арқылы төлем алатын азаматтардың шотына ақша жіберіледі.
"Өтінім берудің қажеті жоқ, себебі халықтың тұрмысы төмен тобына жататын азаматтардың тізімі әкімдіктер мен өңірлік қор базасында бар. Қаражат автоматты түрде жіберіледі. Егер қазақстандықтар өзінің тізімде бар-жоғын нақтылағысы келсе, өңірлік қорға хабарласа алады. Ол жайлы ақпарат сайтта және әлеуметтік желідегі ресми парақшаларда жазылған", – деп нақтылады ол.
Бірінші кезекте төлемді кім алады
Қордан қаражат ең алдымен қиын жағдайда өмір сүретін, әсіресе карантинде көмекке мұқтаж жандарға жіберіледі.
"Кейде отбасы мүшелері жақсы табыс табатын отбасылар да төлем сұрайды", – деп толықтырды Сәкеев.
Бірінші кезеңде қиындықтар болды, деп жалғастырды ол.
"Кейбірінің екінші деңгейдегі банктегі шоты бұғатталған, енді бірінің кредит бойынша берешегі бар. Соған қарамастан қор басшылығы Nur Otan партиясының, Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің қолдауымен мәселені реттеді", – деп түсіндірді Сәкеев.
Қор коронавируспен күрес кезінде құрылды, алайда ол қаражат таусылғанша жұмысын жалғастырады, деді ол.
По поручению Елбасы фондом «Birgemiz» проведена третья волна единовременных выплат. По 50 тысяч тенге получили еще 110 тысяч наиболее нуждающихся семей из малых городов, сёл и близлежащих к крупным городам населенных пунктов. pic.twitter.com/9LICzILr7x
— Бауыржан Байбек (@BauyrzhanBaibek) June 9, 2020
"Қазір қор есебінен Мырзакент ауылында 20 үй салынып жатқанын айта кету керек", – деп атап өтті ол.
Birgemiz қоғамдық қоры 2020 жылдың 20 наурызында елдің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен COVID-19 пандемиясы кезінде халықтың тұрмысы төмен тобына көмек көрсету үшін құрылды.