НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. 25 мамырда Алматыдағы блокбекетте болған жол апатынан зардап шеккен полицей Ербұлан Сейдазым есін жиды. Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
"Пациенттің жағдайы тұрақты, беті бері қарап келеді", - делінген Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының хабарламасында.
Сейдазым есін жиған, дәрігерлердің сұрақтарына жауап береді.
"Бірақ, әлі де басы айналып, ауырады. Палатада өз бетінше қимылдап, жүре алады", - деп мәлімдеді басқармадан.
Қазір тәртіп сақшысы бейіндік бөлімшеде жатыр. Ем, күтім, жарасын таңу және оңалту жалғасады.
Алматы блокбекетіндегі жол апаты
25 мамырда Көксай шағын ауданындағы Жаңа ғасыр мен Қожабеков көшелерінің қиылысындағы №4 блокбекетте BMW автокөлігінің жүргізушісі, алдымен, блокбекет қоршауына, содан кейін екі полицей отырған патрульдік көлікке соқтығысқан. Жүргізуші мас болған.
42 жастағы полицей Жарас Жанғазиев оқиға орнында қаза болды. Ал 26 жастағы екінші полицей Дастан Әбдіқанов ауруханада есін жимастан көз жұмды.
Алматы полициясының тағы бір қызметкері – есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі Ербұлан Сейдазым ауыр хәлде жансақтау бөліміне жеткізілді.
BMW жүргізушісі Азат Азаматовқа қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-тармағы "Екі және одан да көп адамды өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазір күдікті қамауда.