НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Шымкент жастар ресурстық орталығының тапсырысымен түсірілген даулы бейнероликке қатысты түсініктеме берді.
"Жергілікті идеологтар мемлекетіміздің басты басымдықтарын ұмытпай, бейнероликтердің мазмұнына мұқият қарау керек деп санаймын", – деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желілердегі түрлі жарияланымдар өзгелердің ар-намысына тиетініне де тоқталды.
"Бұл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жасалған бейнебаянға да қатысты. Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан Конституция барлық азаматтарға бірдей құқық, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге кепілдік береді", – деді Балаева.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі әкімдіктер жанынан арнайы жұмыс топтарын құру қажет деп санайды. Яғни, бейнеөнімдер бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желілерде жарияланбас бұрын, жұмыс тобының талдау, талқылауынан өткізілуі тиіс.
Шымкентте даулы бейнеролик түсірілді
Айта кетейік, қысқа белдемше киген қыз туралы видео әлеуметтік желіде кең таралды. Ал бейнеролик Шымкент жастар ресурстық орталығының тапсырысы бойынша түсірілгені титрмен көрсетіледі.
Бейнероликте қысқа белдемше киіп жол жиегінде тұрған бойжеткенді жүргізуші көлігіне отырғызады да, оның сырт киімін көріп жеңіл жүрісті қыз деп ойлағанын айтады. Сөйтіп, қызды "қазақ әйеліне тән" киінуге шақырады.
Оқи отырыңыз: Жанар Айжанова заманауи ролик жасаймын деп елдің сөзіне қалды - видео
Бейнеролик интернетте кең таралып, көрермендер тарапынан сынға ұшырады.