АЛМАТЫ, 6 маусым – Sputnik, Айгерім Таубай. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы бас ұшқышы Ербол Оспанов зейнетке шықты. 9 маусымда ұшқыш 65 жасқа толады. Ол ұшақ командирі ретіндегі өзінің соңғы рейсін Boeing 767-мен Лондон–Алматы бағытында жасады.
Айтуынша, ең алғашқы және зейнетке шығар алдындағы сапарында гуманитарлық көмек жеткізген. Бірінші рет ұшқанда Марқакөлге вакцина апарса, соңғысында Лондонға гуманитарлық медициналық көмек пен жасанды тыныс алу аппаратын жеткізіпті. Ербол Оспанов ең алғаш 1972 жылы Ан-2 ұшағымен ұшқан.
"Кеңес Одағының уақыты болатын, ұшуды АН-2 жүк ұшағынан бастадым, ал бүгін Boeing 767-300 жүк ұшағында қызметімді аяқтап отырмын. Бұның бір жағынан символдық мәні бар деп санаймын. Жылы қарсы алып жатқандарға, елдегі пандемияға байланысты енгізілген шектеулерге қарамастан, ұшуға мүмкіндік берілгеніне ризамын", - деді Оспанов.
Ұшқыш 21 000-нан астам сағат ұшқан. Ұшқыштар рейс санын емес, сағатты есептейді, дейді Оспанов.
Әуе компаниясы мен Алматы әуежайының басшылығы авиацияны дамытуға қосқан үлесі үшін командирге алғыс айтып, гүл мен естелікке Boeing 767 ұшағының макетін табыс етті.
"Boeing концернінің заманауи әуе лайнерлерін басқаратын Қазақстанның алғашқы ұшқыштарының бірі бола отырып, ол Аіг Astana-ның Орталық Азияның жетекші авиакомпаниясы ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосты. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Қазақстан авиациясының дамуына еңбегі сіңді", - деді Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостер.
Ол Оспановтың еңбек жолына көз жүгіртіп, көп жыл Қазақстанның тұңғыш президентінің ұшқышы қызметін атқарғанын айтып өтті.
"Ербол Абылайұлы, біз ұшақ бортында сізді сағынатын боламыз", - деді Air Astana басшысы.
Ербол Оспанов Air Astana әуе компаниясында 15 жыл жұмыс істеген. Зейнетке шыққанына қарамастан, ұшумен қоштаспайтынын, әлі де ұшақ тізгініне оралатынын айтты.
"Маған жолаушылар тасымалдайтын ұшақ командирі ретінде ұшуыма шектеу қойылады. Алайда жеке ұшақтар мен чартерлік, жүк ұшақтарында ұшуды жалғастыра аламын", - деді ол.
Назарбаев тыныш жолаушы болды
Ербол Оспанов көп жыл тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұшағын басқарды. Ол Елбасының тәртіпті, тыныш жолаушы болғанын айтты. Сонымен қатар өзін президентке лайық ұстағанын жеткізді.
"Елбасы бала күнінде ұшқыш болғысы келгені белгілі. Ол ұшу барысында ара-тұра ұшқыштардың жанына барып, хабар алып тұрған. Алайда ұшқыштың орнына отыруға тырысқан емес, себебі ол кісі өте тәртіпті, ал ол тәртіпке қайшы әрекет болатын еді", - деп еске алды ол.
Ұшқыш әлі күнге дейін Назарбаевпен жақсы қарым-қатынаста екенін айтты.
Тоқаев аудармашы әрі борт-радист болды
Оспанов Елбасымен бірге әлемнің барлық дерлік еліне барған. Ол президентпен алғашқы ұшқан сәті жайлы естелігін бөлісті.
"1995 жылдың сәуірі болатын. Ол кезде Назарбаев Оңтүстік Кореяға алғашқы сапарын жасады. Мұның алдында сайлауда 92% дауыс жинады. Екі аптадан кейін біз Оңтүстік Кореяға бардық. Қытайдан өтіп бара жатқанда маған Қытай төрағасына Нұрсұлтан Әбішұлының жеделхатын жіберу тапсырылды. Мені президенттің кабинетіне шақырды, ал жанында Қасым-Жомарт Тоқаев отырған еді. Ол кезде Тоқаевтың сыртқы істер министрі болған кезі, сол кісі жеделхатты ағылшын тіліне аударып берді", - деді Оспанов.
Алайда Қытайдың әуе қозғалысын басқаратын диспетчер Оспановтың ағылшын тілінде сөйлегенін түсінбей, жеделхатты қабылдамай қойған. Бірнеше рет қайталап оқығанына қарамастан, еш нәтиже шықпаған. Бортта америкалық болған екен, алайда қытайлар оның сөзін де түсінбеген.
"Біз Үрімшіден өтіп, Қытайдың жартысынан көп бөлігін ұшып өттік, алайда жеделхат әлі де жеткізілген жоқ. Сосын сыртқы істер министріне жолықтым. Мәселені түсіндіріп, жеделхат мәтінін ауыстыруды ұсындым. Алайда ол кісі мұның ресми құжат екенін, өзгертуге болмайтынын айтты", - дейді Оспанов.
Ең соңында Тоқаевтың өзі кабинаға келіп, құлаққап тағып, жеделхатты оқыды. Бейжің сол жеделхатты қабылдап, жауап ретінде құттықтау жолдаған.
"Бұл Тоқаев борт-радист болып жұмыс істеген ерекше ұшу болды", - деп еске алды Оспанов
Ербол Оспановтың өмірбаяны
Ербол Оспанов 1955 жылы 9 маусымда Өскеменде дүниеге келген. Ұшқыш ретіндегі қызметін 1972 жылы Ресейде Краснокутск ұшу мектебінің кадет офицері ретінде бастады.
1985 жылы Ленинград қаласындағы Азаматтық авиация академиясын бітіріп, инженер-ұшақ мамандығын алды.
2002 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің құқық бакалавры дәрежесін алды.
1992 жылдан 2009 жылға дейін Қазақстан Республикасы президенті флотының бас ұшқышы болды.
Ербол Оспанов 2005 жылы Air Astana әуе компаниясында Boeing 757/767 командир-нұсқаушысы ретінде жұмыс істей бастады. Авиакомпанияның үкіметтік, заңнамалық мәселелер және қауіпсіздік жөніндегі аға вице-президенті қызметін атқарды.
Ұшқыштың жұбайы мен ұлы Air Astana әуе компаниясында ұшқыш болып қызмет етеді, ал қызы Англияда ұшқыш болып жұмыс істейді.
Оспановтың айтуынша, ұл-қызының осы салаға келуіне өзінің де ықпалы болған.
65 жасқа келген ұшқыш күн сайын 2,5 километр жүгіретінін айтты. Жүгірген кезде ұшу жайлы ойламайсың, дейді ол.
Ұшқыш үш айлық демалысқа шықты, әрі қарай қызметін қалай жалғастыратынын әлі шешпеген көрінеді.