НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтанда ЭКСПО аумағында коронавирусқа ПТР-тестілеу жасайтын мобильді орталық ашылды. Мұнда 3-5 минуттың ішінде көліктен шықпай-ақ тест тапсыруға болады.
Зертхана №2 қалалық көпбейінді аурухана базасында іске қосылды, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің айтуынша, күн сайын 6 зертханада 4 500 талдау жасалады
"Жалпы, қалада материал жинаумен айналысатын мемлекеттік және жеке зертханалар бар. Орталық та ыңғайлы орналасқан. Азаматтар әуежайға келгеннен кейін тест тапсыра алады. Автокөліктерге арналған тұрақтар жеткілікті", – деді Бақтияр Мәкен.
Оның айтуынша, болашақта жоба қаланың басқа да бөліктерінде ашылуы мүмкін.
Мобильді орталық күніне 100-ден астам тест алуға қабілетті. Процедура тек 3-5 минут алады. Сондай-ақ мамандар атап өткендей, бұл әдіс барлық автокөлік үшін ыңғайлы және ешқандай кезекті қажет етпейді. Тест құны – 10 мың теңге.
Тестілеу қалай өтеді
Тест тапсырушы эпидемиологиялық факторлар мен симптомдарға қатысты жеке ақпараттар көсетілген сауалнама толтырады. Кабинада дене қызуы өлшенеді. Нәтиже 6 сағат ішінде белгілі болады. Тест тапсырушы оны электронды пошта немесе Whatsapp нөмірі арқылы ала алады.
Оқи отырыңыз: ДДҰ Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны неге артып жатқанын айтты
Тест тапсырушы Covid-19-қа күдікті болған жағдайда мамандандырылған ауруханаға ауыстырылады. Мобильді скрининг орталығы 08.00-ден 20.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Ол "MEGA Silk way" сауда орталығы аумағында, яғни №2 аурухана мен "MEGA Silk way" сауда орталығы арасында орналасқан.
Кімдер коронавирусқа тесті тегін тапсыра алады
Зертханада мынадай санаттағы тұлғалар үшін тегін скрининг жасалады:
- жұмыссыздар,
- тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар,
- мүгедектігі бар адамдар,
- стационарға жоспарлы емдеуге жатқызылатын пациенттер,
- тыныс алу органдары,
- эндокриндік және жүрек-қантамыр жүйелері ауруларымен динамикалық бақылауда тұрған 50 жастан асқан пациенттер,
- эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған арнайы контингент – волонтерлер мен белсенділер, патрульдер,
- қарттар үйлеріндегі, интернаттық және өзге де мамандандырылған мекемелердегі азаматтар,
- мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері.