АЛМАТЫ, 4 маусым – Sputnik. Үкімет қаулысымен Серік Шәпкенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды.
"Үкімет қаулысымен Серік Жамбылұлы Шәпкенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды", - делінген премьер-министрдің баспасөз қызметінің ақпаратында.
Қазір еңбек министрлігін Біржан Нұрымбетов басқарады. Серік Шәпкеновке дейін оның үш орынбасары ауысты: Ақмади Сарбасов, Нариман Мұқышев пен Ерлан Әукенов.
Серік Шәпкенов жайлы не білеміз
Серік Шәпкенов 1979 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауылында туған. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін "экономист-математик" мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастады. Әр жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты құрылымында жұмыс істеді.
2012-2015 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.
2015-2016 жылдары – президент әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы.
2016-2018 жылдары – Атырау қаласының әкімі.
2018 жылдан бастап қазіргі дейін Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.