Қоғам

Судьялардың өкілеттігін кеңейтетін заң Тоқаевқа жіберілді

© Sputnik / Владислав ВодневПленарное заседание мажилиса
Пленарное заседание мажилиса - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Заң күшіне енген соң әділ шешім қабылдау үшін судьяның процессуалды жағынан еркіндігі қамтамасыз етіледі

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Парламент сенаты қазақстандық судьялардың өкілеттігін кеңейтуді көздейтін заңды екі оқылымда да қабылдап, президенттің қол қоюына жіберді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатта Азаматтық процессуалдық кодекске соттар жұмысының заманауи форматын енгізу, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды.

Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденовтің айтуынша, заң жобасының мақсаты сот процесін жеңілдету, соттарды қажетсіз функциялардан арылту екенін атап өтті.

Заң жобасы үш бағыттан тұрады:

  • соттардың жұмысын заманауи форматқа көшіру;
  • азаматтық процессуалдық тиімділікті арттыру;
  • сот ісін жүргізуді цифрландыру.
"Соттарға айтылатын ең басты өкпе – судья істі қараған кезде оған тереңірек үңілмей, басқа мән-жайларды анықтамай, тек ұсынылған дәлелдерге қанағаттанып шешім шығарады деп жатады. Оған себеп – қолданыстағы Азаматтық процессуалдық кодекс", – деді Таймерденов сенат отырысында.

Оның түсіндіруінше, кодекс бойынша судьяға талап-арыз аясынан шығуға тыйым салынған. Тараптар нені талап етсе, тек соны қарап, сол бойынша шешім қабылдауға міндетті. Ал өз бетінше басқа мән-жайларды анықтау, өзге дәлелдерді іздеуге еш құқығы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күнде судьялардың қолы байлаулы деп айтуға болады.

Проблеманы шешу үшін судьяның процестегі рөлін түбегейлі өзгерту ұсынылып отыр. Әділ шешім қабылдау үшін судья дауды жан-жақты, бүге-шігесіне дейін түсініп алуы қажет. Яғни, судья процессуалды жағынан еркін болуы тиіс. Қандай уәжді немесе дәлелдерді зерттеймін десе де, өзі анықтауы қажет.

Судья еркіндігін қамтамасыз ету қажет

Таймерденовтің айтуынша, бұл озық дамыған елдердегі соттардың бұрыннан қалыптасқан тәжірибесі.

Сонымен қатар, заң жобасында ауызша сот ісін жүргізуді жазбаша процеске алмастыру қарастырылған.

Оңайлатылған сот өндірісі үшін межені жеке тұлғаларға 200 АЕК-тен 1 000 АЕК-ке дейін (555 600 және 2 778 000 теңге), ал заңды тұлғалар үшін 700 АЕК-тен 2 000 АЕК-ке дейін (1 944 600 және 5 556 000 теңге) көтеру ұсынылып отыр.

Бұдан бөлек, қолданыстағы Азаматтық процессуалдық заңнамадан жеті сот ұйғарымын алып тастау көзделген.

"Бұл сот процесін басқа күнге қалдыру, соттың хаттамасымен танысу немесе оған наразылық келтіру, азаматтық істің соттылығы, қай сотта қаралу мүмкіндігі бар деген сияқты ұйғарымдар. Осы ұйғарымдар бүгінде тараптарға да, сотқа да ешқандай зиян келтірмейді", – деді Таймерденов.

Оқи отырыңыз: Сенат Жоғарғы сот судьяларын қызметінен босатты

Сондай-ақ, енді судьялар Азаматтық процессуалдық кодекс бойынша шешім шығарар алдында ақылдасу бөлмесіне бармайды.

Заң жобасында сот процестерін цифрландыру мәселесі де қаралған.

Сенат депутаттары заң жобасын екі оқылымда қабылдады.

Жаңалықтар
0