Күні кеше Американың басшысы мәлімдеме жасап, көшеге шыққан халықты да, губернаторларды да сынға алды. Трамп тәртіпсіздіктерге қатысқан адамдарды "бүлікшілер" деп атап, бейбіт халықты қорғай алмай отырған бірқатар штаттың басшысына шүйлікті. Осы орайда АҚШ президенті нысандарды қирату мен өрт салу әрекеттерін тоқтату үшін армиямен бірге барлық федералды ресурсты жұмылдыруға уәде етті.
Демократтар президенттің "перфомансына" бірден жауап берді. Конгресмендер бірлескен мәлімдеме жасап, Трамптың әрекетін сынға алды. Демократиялық партиядан шыққан бірнеше штаттың басшысы да үндемей қалмады. Олардың ішінде Нью-Йорк пен Орегонның губернаторлары да бар. Ал Вашингтонның мэры Муриэл Баузер Лафайет-скверге шыққан қарусыз халықты тарату шараларын сынады. Себебі полиция Ақ үйдің алдына жиналған адамдарды коменданттық сағатқа 25 минут қалғанда тарата бастады.
Негізі, бүгінде жергілікті және аймақтық биліктің қолға алып жатқан шаралары жеткіліксіз. Полиция да тәртіпсіздіктерді тоқтата алмай отыр. Президент болса, қатаң шара қолданамын деп қорқыта береді. Алайда нақты нәтиже көрінбейді. Неге? Себебі Американың мемлекеттік жүйесі күрделі. Оған қоса, қазіргі ішкі саяси текетірес қатты болып тұр.
АҚШ-та жергілікті билік өз аумағына жауап береді. Федералдар тек штат билігі жасаған өтініш бойынша ғана көмекке келеді. Ал президент губернатордан аттап, шешім қабылдай алады. Бірақ ондайда барлық жауапкершілік өзіне жүктелетінін жақсы біледі.
Осылайша, оппоненттер толқулардың өздігімен басылатынын күтіп жүр. Ал Трамп губернаторларға сеніп отыр. Негізі, бүліктер күшейе берсе, демократтардың жерінде халықтың көңіл-күйі өзгеруі әбден мүмкін. Ондайда республикашылардың мәртебесі жоғарылай түседі.