АЛМАТЫ, 3 маусым – Sputnik. Алматыда карантин режимі күшейтіледі. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қалада 2 715 адамнан коронавирус табылды, оның ішінде 1 627 адам жазылды. Сол себепті карантин жалғасады және күшейтіледі. Бассейн, жағажай, саябақтар мен гүлзарлардағы түрлі аттракциондар ашылмайды. Егде жастағы адамдар баратын шипажайлар, мәдениет нысандары, ойын-сауық ғимаратында орналасқан кинотеатрлар, фуд-корттар, балалар алаңдары жабық тұрады", - деді Бекшин брифингте.
Оқи отырыңыз: Бекшин Алматыда қызметі тоқтатылған нысандарды атады
Сонымен қатар карантин талаптарын жиі бұзатын нысандар қайтадан жабылуы мүмкін. Нысандардың жұмысына талдау жасалып жатыр, деді ол.
Бекшин карантин режимін күшейту бойынша басқа да шаралар қабылданатынын айтты.
"Саябақта үш адамнан артық серуендеуге болмайды, бұл отбасы мүшелеріне қатысты емес. Қазір карантин режимі күшейтілгендіктен, саябақтарда сауда нысандары, аттракциондар жұмыс істемейді", - деді ол.
Сонымен қатар бас санитар дәрігер мектептерде аттестат тапсыру кезіндегі санитарлық нормалар жайлы айтып өтті.
"Ең алдымен бұл іс-шара 40-50 минут арасында өтеді, тек бір сынып қана жиналады. Жиналғандар саны 60 адамнан аспайды. Тізім бойынша өткізіп жатқан іс-шара арасында үзіліс бір сағатқа созылады. 60 минут ішінде оқушылар мен ата-аналар шоғырланбай, қуаныштарымен бөлісіп, маңызды іс-шара аяқталады", - деді ол.
Екіншіден, қатысушылар медициналық маска тағады, деп толықтырды Бекшин.
Бекшин брифинг барысында мемлекеттік балабақшаларды ашу мәселесі қашан қаралатынын айтты.
"Қазіргі таңда карантинді күшейту шарасын қолға алып отырмыз. 15 маусымға дейін мемлекеттік балабақшаны ашу мәселесін қарастырмаймыз", - деді ол.
Бекшиннің айтуынша, қазір қалада мәдени нысандар ашылған жоқ. Барлығы қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Егер науқастардың өсімі соңғы жеті күнде 2 проценттен төмен болса ғана мәдени нысандарды ашу мәселесі қаралады.
"Өткен аптада күніне 25-тен 117 жағдайға дейін тіркелді. Біз қала аумағында адамдардың топ болып жиналуына тыйым салу бойынша қосымша шаралар енгізуге мәжбүрміз", - деді ол.