НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңға енгізілген түзетулерге қол қойды.
Елімізде демократиялық үрдістерді ары қарай дамыту мақсатында қолданыстағы заңнамаға "парламенттік көпшілік" және "парламенттік оппозиция" енгізілді.
Заңмен мәжіліске сайланатын парламенттік оппозицияның өкілеттіліктері және олардың жұмысын қамтамасыз ету тетіктері нақты айқындалды.
Саяси партияларды тіркеу жеңілдеді: Қазақстанда жаңа заң қабылданды
Заңға сәйкес, парламенттік көпшілік – бұл мәжілістегі ең көп мандат алған саяси партия немесе партиялар.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, парламенттік оппозиция парламенттік көпшілікке енбейді. Ал саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты басқа позицияны ұстанады.
Заң жобасында парламенттік оппозицияға мынадай құқықтар беріліп отыр:
- бір сессия ішінде кемінде бір рет мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер бойынша парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасау;
- парламенттік сессияда кемінде екі рет үкімет сағаттарының күн тәртібін белгілеу;
- оппозиция мақұлдамайтын үкіметтік заң жобаларына альтернативті заң жобаларын енгізу.
2019 жылдың желтоқсанында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда парламенттік оппозиция институтын құру қажеттілігі туралы айтты. Кейін мәжіліс депутаттары заң жобасына бастамашы болды.