НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Видео арқылы өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салғысы келетінін айтқан көкшетаулық жігіт туыстарымен байланысқа шықты. Ал Lider.kz қозғалысының еріктілері жас жігітті өз қамқорлығына алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Салы суға кеткен жігіттің мұндай видеосы желіде тараған соң, оны райынан қайтару мақсатында жүздеген ақмолалық тұрғын қолдау білдіріп, үндеу жолдады.
"Михаилдың Көкшетаудағы пәтерде екенін анықтадық. Ол аман-есен, денсаулығы да жақсы. Туыстарымен және біздің Көкшетаудағы еріктілермен байланысқа шықты", – деді Lider.kz қозғалысының үйлестірушісі Олеся Баимова.
Белгілі болғандай, 21 жастағы жігіттің ата-анасы Қарағанды қаласының тұрғындары. Ал өзі Көкшетауда пәтер жалдап тұрған.
"Біздің еріктілеріміз Михаилды қамқорлыққа алды. Жұмыссыздық белгілі бір деңгейде оның күйзеліске түсуіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан да біз ең алдымен оның жұмысқа орналасуына көмектесеміз. Қазір ол бізбен бірге", – деді Баимова.
Сонымен қатар, желі қолданушылары мен ақмолалық тұрғындар жас жігіттің мұндай мәлімдемесіне бей-жай қарамады.
"Михаил егер оқып отырған болсаң, ақымақтық жасама. Бәрін де жеңуге болады. Ата-анаңды ая. Өзіңнің қайда екеніңді айт, біз саған көмектесеміз. Қаламызда қайырымды тұрғындар көп және біз сені ешқашан айыптамаймыз", – деп жазды желі оқырмандарының бірі.
Оның тағы бір замандасы: "Мен де 21 жастамын. Мен де ештеңеге қол жеткізген жоқпын. Осал екеніме өкініп, өз-өзіме қол салғым келген сәттер болды. Бірақ ол кімге және не үшін керек? Барлық қиындықтарға қарамастан өмір сүремін. Тіпті, жеңіп шығатыныма сенімдімін, өйткені Жаратушы сабырлы жанды жақсы көреді", – деді.
"Миша, мен сенің анаңдай адаммын. Не істесең де, сені анаң мен әкең жақсы көреді. Олардың жүрегін ауыртып, салмақ салма", – деп үн қатты бір ана.
Кейбір желі қолданушылары болса, Михаилдың жасықтығын сынға алып, намысын қайрауға тырысыпты.
"Өте ауыр дертке шалдықса да, өмір үшін күресіп жатқан жандар бар. Ал сенің аяқ-қолың аман, денің сау. Өмірге құштар бол!", – деп пікір білдіреді олар.
Осылайша, шарасыз күйге түскен Михаилге қол ұшын созып, көмектескісі келгендердің қатары көп.
Оқи отырыңыз: Балиева: балалар арасында суицид деңгейі төмендеп келеді
Айта кетейік, өткен аптада 21 жастағы Михаилдің өзі-өзі түсірген видеосы қоғам арасында алаңдаушылық тудырған. Ол видеода көп қателікке бой алдырып, шаршағандықтан өмірден баз кешкісі келетінін айтады. Сөйтеді де, ата-анасын тыңдамай өскен тәкәппарлығы үшін олардан кешірім сұрайды.