НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус жұқтырған Армения премьер-министрі Никол Пашинянға тезірек сауығып кетуін тіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Армения премьер-министрі Никол Пашинянның тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Ол өз қажыр-қайратының арқасында дерттен құлан-таза айығып, достас Арменияның игілігі жолындағы қызметіне қайта оралады деп сенемін", - деп жазды мемлекет басшысы Twitter-де.
Бұған дейін Армения премьерінің коронавирус жұқтырғаны хабарланған еді. Пашинянның айтуынша, ауру жеңіл түрде өтіп жатыр. Коронавирус белгілері байқалмайды.
Пашинян резиденцияда қашықтан жұмыс істейтінін айтты.
Арменияда 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланған, режим 13 маусымға дейін ұзартылды.
1 маусымдағы жағдай бойынша Арменияда COVID-19 жұқтырғандар саны 9492 адамға жетті.