АЛМАТЫ, 1 маусым – Sputnik. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін айыппұл салынған нысандар мен кәсіпорындарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, қала бойынша бақылау жүргізетін топ құрылды, оған аудан әкімдігі, "Атамекен" бизнес орталығының өкілдері, санитар дәрігерлер мен полиция өкілдері кірді.
"Алдымен нысан жұмысын қайта бастауға қатысты түсіндірме, дайындық жұмысы жүргізілді. Сол жұмыстың арқасында қоғамдық тамақтану нысандары, шаштараз, сән салондары ашылды. Бүгіннен бастап азық-түлік сатпайтын базарлар ашылды. Автокөлік жуатын жерлер, моншалар, СПА-салон, сауналар қызметіне рұқсат берілді. Барлық нысанға алдын ала талаптар қойылып, нұсқамалар әзірленді", - деді Бекшин.
Сонымен қатар бас санитар дәрігер балабақшаларда кезекші топтар ашылып жатқаны жайлы атап өтті.
"1 989 зерттеу жүргізілді. 65 жағдайда әкімшілік жаза қолданылды. Айтылған ескертуге қарамастан талаптарды үнемі бұзғандарға ірі көлемде айыппұл салынды. 39 нысанның қызметі тоқтатылды", - деді ол.
31 мамырда қалада мониторинг жүргізетін топтар 153 нысанды тексерді. Нәтижесінде 14 нысанның жұмысы тоқтатылды. Бұл бірнеше рет жасалған ескетуді ескермеген нысандар.
"12 кәсіпорынның басшысына әкімшілік айыппұл салынды: "Ретейлсервисгрупп" кофеханасы, "Жан плов лагман" мейрамханасы, "Шашлычная на Кирова" дәмханасы, "Шашлычный двор" дәмханасы, "Боржоми" кафесі, "Алма-Ата" кафесі, "Байтас" минимаркеті. Сондай-ақ, "Прованс" кафесінің, "Лаффа" кафесінің, көшірме орталығының қызметі тоқтатылды", - деді Бекшин.
Алматыдағы эпидемиологиялық ахуал
Алматыда коронавирус 2 647 адамда тіркелді, 1 552 науқас аурудан жазылып шықты.
Жандарбек Бекшиннің айтуынша, апта ішінде күн сайынғы өсім 1,7%-тен 4,8%-ті көрсетті.
"Анықталған жағдайлардың 3,7%-і сырттан әкелінген, оның ішінде 66 адам шетелден келген. 747 жағдай прафилактикалық тексеру кезінде анықталған, 78 адам өз бетінше медициналық тексеруге жүгінген. Ал қалған 1 790 адам байланыста болған", - деді Бекшин.
Науқастардың ішінде 1,6%-і – зейнеткерлер, 4,6%-і – жұмыс істемейтін азаматтар, 89%-і – жұмыс істейтін азаматтар.