НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр - Sputnik. Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарлары 380 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, күдіктілер Өскемен қаласында ұсталды және сол жерде уақытша ұстау абақтысына тоғытылды. Сот біреуін 2 айға қамауды ұйғарды.
"Олар "Риддер қаласындағы олимпиадалық резерв бойынша республикалық мамандырылған мектеп-интернат-колледж" РМК-сы 300 орындық оқу корпусының құрылысы кезінде 380,8 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталып отыр. Күдіктілер нақты жұмыстар атқарылмаса да, ол ақшаны мердігердің есепшотына аударған", - деді Биғайдаров бүгінгі онлайн брифингте.
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шараралары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев. Ол осы қызметке 2019 жылдың басында тағайындалған болатын.