Қоғам

Денсаулық сақтау министрі жұмыс тәртібіне қатысты кеңес берді

© Photo : СС0 / StockSnapКомпьютерная мышь
Компьютерная мышь - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Біртанов кеңсе қызметкерлерінің 50 проценті қашықтан жұмыс істеуі керек деп есептейді. Сол кезде инфекцияның таралуын тоқтатуға болады

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирусты ұжымда жұқтырған науқастардың күрт көбеюіне байланысты жұмысты барынша қашықтан жүргізуге кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазіргі кезде көп науқас вирусты жұмыс орнында жұқтырып жатыр. Сондықтан мүмкіндігінше жұмыс орнындағы адамдардың санын азайтуымыз қажет. Интернет арқылы қашықтан жұмыс істеуіміз керек. Мысалы, кеңсе қызметкерлерінің 50 проценті қашықтан жұмыс істей бергені жөн. Сол кезде адамдардың арасы алшақ болып, инфекцияның таралуы тоқтайды", - деді Біртанов бүгінгі онлайн брифингте.

COVID-19: Біртанов науқастардың күрт көбею себебін түсіндірді

Оның айтуынша, өндіріс орындарында қашықтан жұмыс істеу тәртібін енгізу қиын. Вахтамен  жұмыс істейтіндер де шығуға мәжбүр. Сондықтан ондай кәсіпорындарда санитарлық-дезинфекциялық шаралар қатаң сақталуы қажет. Оны жергілікті билік пен санитарлар бақылайды. Алайда көп жағдайда тиісті талаптар орындалмайды.  

"Өкінішке қарай, кәсіпорындарда көп жағдайда санитарлық шаралар қабылданбайды. Ол дұрыс емес. Оны барлық кәсіпорын басшысы мен бизнес өкілдері түсінуі керек. Бұның барлығы халықтың денсаулығын сақтау үшін қолға алынып отыр", - деп атап көрсетті Біртанов.

Айта кетейік, соңғы уақытта өндіріс ошақтарында коронавирус жұқтырғандардың саны күрт өсті. Министрдің мәліметі бойынша Атырау облысындағы Теңіз кен орнында 1 063 науқас тіркелді. Қарағанды облысындағы кеніште вирус жұқтырғандардың саны 358 адамға жетсе, Шымкент қаласындағы "Petro Kazakhstan" ЖШС-де 2 019 науқас тіркеліп отыр. Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан мен Түркістандағы құрылыс нысандарында 80-нен астам адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Жамбыл облысында және Алматыда әскери ұйымдардың ішінде вирусты ұжымда жұқтыру оқиғалары бар.

Жаңалықтар
0