НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр - Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметті өтеу кезінде кәсіби дайындықты да енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның пікірінше, қарулы күштер де білім беру саласын жетілдіруге өз үлесін қоса алады.
"Әскери борышты өтеуден бөлек әскери қызмет белгілі бір кәсіби білімді де беруге міндетті. Адам оны әскерден кейін азаматтық өмірде қолдануы қажет. Білім және ғылым министрлігі қорғаныс министрлігімен бірге осы мәселені пысықтап шығуы тиіс", - деді Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әскери арсенал маңында құрылыс салғандар жазаланады
Осы орайда президент кеңес мүшелерін де әскер қатарында адамның кәсіби біліктілігін арттыру жөнінде ұсыныс беруге шақырды.
Мемлекет басшысының айтуынша, кәсіби дайындық кезінде еңбек нарығының алдағы он жылдық сұранысы ескерілуі шарт. Ол үшін білім және ғылым министрлігі кәсіби бағдар беруге арналған жаңа мамандықтар атласын толыққанды енгізуі тиіс.