НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр — Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі полицей көз жұмған жол апатынан кейін жұмыс сапарымен Алматыға арнайы барды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Министр №7 қалалық клиникалық ауруханаға зардап шеккен полиция қызметкері аға лейтенант Ербұлан Сейдазымға барды. “BMW” автокөлігінің блок бекетке соғылуының салдарынан ол жабық бас сүйек-ми жарақатын алып, миы ауыр дәрежеде зақымданған.
Зардап шеккен полицейге екі операция жасалды. Бас сүйегінің резекциялы трепанациясы және бас сүйек ішіндегі гематома алынды.
Ведомство басшысы дәрігерлер консилиумына қатысты. Мамандардың айтуынша, пациенттің жағдайы ауыр, бірақ оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Блок бекеттегі апат
Айта кетейік, 25 мамыр күні таңертең Көксай ауылындағы блок бекеттердің бірінде жантүршігерлік жол апаты болып, екі полицей көз жұмды. Сол сәтте көлік ішінде болған 42 жастағы полицей Жарас Жанғазиев оқиға орнында, ал оның әріптесі Дастан Әбдіқанов аурухана төсегінде көз жұмды. Тағы бір полицей ауыр жараланды. Ол бекеттен әрі-бері өткен көліктерді тексеріп тұрған. Басынан ауыр жараланған полицейге ота жасалды.
№ 7 қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургы Ерлан Түбелбаев науқастың жағдайы тұрақты ауыр екенін айтты. Миына компьютерлі томография жасалынды. Науқас жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Жансақтау бөлімінде емделіп жатыр.
Күдіктінің кінәсі дәлелденсе 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.