НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр - Sputnik. Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының басшысы Рәшид Жақсылықов Теңіз кен орнында коронавирустың таралуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Теңізшевройл" компаниясы үшінші зауытын салып жатқан жерінде 18 мың адамды үйіне қайтарды. Соның ішінде 2 мың шетелдік бар. Бірақ біз бір нәрсені түсінбей жатқан сияқтымыз. Олар вахтамен ауысып жұмыс істейді. 18 мың адам үйінде осы жұмысты күтіп отыр ғой. Сонда басын алып қосқанда 36 мың адам болады", - деді Жақсылықов Sputnik Қазақстанда өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, қазіргі кезде тағы 7,5 мың адамды үйіне қайтару амалы қарастырылып жатыр. Себебі індеттің өндіріске таралып кету қаупі бар. Ал коронавирус өндіріске тараса, мұнай өндіру жұмысын тоқтатуға тура келеді. Ондай шара біраз қиындық туғызады. Өйткені Теңіз кен орны Қазақстан мұнайының үштен бір бөлігін беріп отыр.
"Қазіргі кезде компания жаңағы 36 мың адамды маусымның 23-іне дейін айлықпен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ 23 маусымнан кейін олардың тағдыры қалай болады? Жұмыс орнын сақтап қала ма? Жоқ, әлде жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыс іздеуге тура келе ме? Мемлекет көмектесе ме? Осы жағы әлі белгісіз", - деп атап көрсетті Жақсылықов.
Тағы оқыңыз: "Біз үшін үлкен сын-қатер": Келімбетов мұнай бағасына қатысты пікір білдірді
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде осы салада жұмыс орындарын сақтап қалу үшін операторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Түсіністік бар. Біреулер жалақыны 70 процентке, енді біреулер 50 процентке қысқартып, жұмыс орындарын сақтап отыр.
"Бірақ бұл қысқа мерзімді көмектер ғана, екі ай, үш айға жететін шығар. Егер індет тоқтап, осы уақытқа дейін қолға алынған жобалар қайтадан өз жұмысын бастап кететін болса, онда осы қиындықтан аман-есен өтеміз. Ал індет жалғасып, күзде екінші толқыны басталса, жобалар іске қосылмайды. Онда біз өте ауыр жағдайға түсеміз. Біздің есебіміз бойынша тек үшінші тоқсанда ғана 9 мыңнан астам адам жұмыстан қысқарады", - деп атап көрсетті Жақсылықов.