НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтанда балабақшалар "кезекші топтар" режимінде ғана жұмыс істейді. Бір топта балалар саны он бес адамнан асып кетпеуі тиіс. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз қазір балабақшаларды ашуға асықпаймыз. Бұл мәселеге эпидемиологиялық ахуалға байланысты маусым айының ортасында ораламыз. Қалғандары кезекші топтар режимінде жұмыс істейді. Бір топта бүлдіршіндер саны 15 баладан аспауы керек. Өйткені балалар көп жиналған балабақшаларда вирус жұқтыру қаупі жоғары", - деді әкім онлайн брифингте.
Мектепке дейінгі ұйымдарда "кезекші топтар" баланы үйінде қалдыруға мүмкіндігі жоқ, жұмыс істейтін ата-аналар үшін ашылып отыр.
Көлгіновтің айтуынша, егер төтенше жағдайға дейін балабақшаларға 55 мыңнан аса бүлдіршін барса, қазір кезекші топтарда үш мыңға жуық бала бар.
Сонымен қатар, қала әкімі жазғы лагерлер де әзірге ашылмайтынын атап өтті.
Тағы оқыңыз: Блок бекеттер әлі алынбайды – елорда әкімі
Айта кетсек, бүгінде Нұр-Сұлтанда барлығы 1 686 адамда коронавирус диагнозы расталды. 914 науқас жазылып шықты, бес адам қайтыс болды.